Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мемлекеттік қорғауға алынды
ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енген алғашқы қазақстандық нысан мемлекет қорғауына алынды, деп хабарлайды 24kz.
Енді Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мұражай-қорығының қауіпсіздігін құқық қорғау органдары қамтамасыз етеді. Бұған дейін Үкімет басшысы Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойған. Кесене аумағы қалай қорғалады? Зияратшылардың пікірі қандай?
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – ортағасырлық сәулет өнерінің бірегей ескерткіші. Оның маңыздылығы мен тарихи-мәдени құндылығын ескеріп, сақталуын қамтамасыз ету мақсатында Үкімет маңызды шешім қабылдады. Бұдан былай нысандағы қауіпсіздікті полиция қызметкерлері күзетеді.
Нұрлан Дүкенбаев, «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайы директорының орынбасары:
- Шетелге барсаңыздар Түркияда да, Өзбекстанда да, Ресейде де адам көп келетін өздерінің рухани, киелі орындарын арнайы күзет қызметі күзетіп отырады. Себебі ол келген келушілердің, нысанның жалпы қаупсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, яғни, түрлі тәртіпсіздіктің орын алуының алдын алады. Бізде де осы тәжірибеге сүйене отырып, биыл Үкімет басшысының қаулысымен арнайы күзет бөліміне жүктелді.
Қазір кесене аумағында екі полиция бекеті орналасқан. Бірі сырттағы қауіпсіздікті қадағаласа, екіншісі ішке кірген адамдарды бақылайды. Келушілерді тексеріп өткізетін турникеттер мен қажетті құрал-жабдықтар әлі алынбаған. «Бірақ бұның бәрі жаңа жылдан кейін пайда болады», - дейді мамандар. Кесене аумағы халық көп жүретін стратегиялық аймақ саналғандықтан мұндағы қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіп ерекше назарда болады.
Гүлзия Шалабаева, Сайрам ауданының тұрғыны:
- Бізді қуантып жатқаны – полиция бөлімі ашылыпты. Бұл өте керек нәрсе. Келіп кеткен қонақтарға, туристерге, барлығымыздың қауіпсізідігіміз үшін керек нәрсе.
Шәрипа Көшербаева, зейнеткер:
- Біздің ең құнды жеріміз – осы жер. неше түрлі адамдар, туристер келеді. Қайсысының ниеті қандай екенін білмейміз ғой. Мысалы шетелден келеді, сақтануымыз керек қой. Полиция көбірек болуы керек.
Түркістан облысы аумағында 1780 тарихи-мәдени ескерткіш бар. «Бірақ олар әлі де зерттеп, зерделеуді қажет етеді», - дейді мамандар.
Әділ Қонысбеков, Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары:
- Соның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ең маңыздысы, ЮНЕСКО тізімінде бар. Осы мемлекеттік арнайы күзет қызметіне өту жоспарлануда. Бұл бірінші нысанымыз біздің облыс бойынша. Ал одан кейін арнайы мамандардың зерттеу нәтижесінде кезең-кезеңімен маңыздылығына қарай басқа нысандар да сол күзетке өтуі мүмкін.
Тарихи-мәдени ескерткіштердің көбі аудандарда орналасқандықтан оның кейбірі жеке тұлғалар мен қоғамдық қорлардың еншісінде. «Қауіпсіздігіне де солар жауапты», - дейді мамандар. Ал облыстық мекемелерге қарайтын нысандардың сақталуы мен қауіпсіздігіне облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, күзет қойылған.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов