Өзбекстанда түркі елдерінің халықаралық жыр фестивалі өтті
Түркі мемлекеттері әдебиет пен өнер саласындағы байланысын нығайтып келеді, деп хабарлайды 24kz.
Әр екі жыл сайын «Түрксой» ұйымы ұйымдастыратын жыр фестивалі осыған дәлел. Биыл рухани-танымдық іс-шара Ташкентте жалғасты. Өзбекстан астанасына бауырлас елдердің белгілі ақын-жазушылары жиналды. 4 күндік мәдени бағдарламаны мазмұнды өткізуге жергілікті жазушылар одағы айрықша атсалысты. Оның аясында алдымен өзбек халқының ұлы тұлғасы Әлішер Науаи ескерткішіне гүл қою рәсімі өтті. Кейін әр ұлттың әдеби ғұламаларына арналған мүшайра ұйымдастырылды. Мәдени іс-шара түркі дүниесінің бекем бірлігін сақтауға әрі оны жан-жақты байыта түсуге бағытталған.
Атахан Қожағұлов, ақын (Қырғызстан):
- Біздің тарих та, тағдыр да бір. Осыны ескерген туысқан елдер ғаламдану процесінде ынтымағын бекемдеп жатыр. Әлемдік өркениет тоғысында мұндай қадамдардың берері мол. Оған біз әдебиет, мәдениет және өнер саласы арқылы қол жеткіземіз. Соның ішінде ақындардың жалынды жырлары маңызды рөл ойнайды. Екі жылда бір мәрте өтетін фестивальде бас қосып отыруымыз бекер емес. Осы істердің бір парасына Түрксой ұйымы үлкен үлес қосып жатыр.
Сайлаухан Жоланов ақын, театр режиссері:
- Осында Әлішер Науаидің, қырғыз ғұламаларының есімі аталып жатыр. Соның ішінде біздің Абайдың мүшайрасы өтті. Бәрі шығып өлең оқып, мысал келтіріп жатыр. Түркі дүниесі жиналған соң адамның жан-дүниесі кеңейе береді. Бәрінің мақсаты да, түбі бір екенін түсінеді. Азғантай уақытта бөлініп кеткені болмаса бәрінің түбі бар. Аудармашы қажет емес.