Алматыда «Хан Сұлтан. Алтын Орда» ұлттық операсы сахналанды
Алматыда «Хан Сұлтан. Алтын Орда» ұлттық операсының тұсауы кесілді, деп хабарлайды 24kz.
Жошы ұлысының 800 жылдығына арналған премьера Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында өтті. Операның бас кейіпкері – Жошы ханның үшінші әйелі, Алтын Орда билеушілерінің бірі – Берке ханның анасы. Ананың балаға, елге деген махаббатын көрсетеді. Қойылым авторларының айтуынша, опера Шыңғыс ханның Хорезмшах мемлекетін жаулау кезеңінен басталып, Алтын Орданың қалыптасуымен аяқталады. Екі бөлімнен тұратын тарихи драманың композиторы – Хамит Шаңғалиев, қоюшы режиссері – итальяндық Давиде Ливермор. Жас қаламгер Алмас Нүсіптің «Хан Сұлтан. Алтын Орда» драмалық шығармасының желісімен жазылған либреттоның авторы – Маралтай Ыбыраев. Премьера үш күнге созылады.
Маралтай Ыбыраев, либретто авторы:
- Хан Сұлтан деген хорезмшахтың қызы тұтқынға түсіп, әйгілі Шыңғысханның үлкен ұлы Жошыға жар болып, өмірге Алтын Орданың негізін қалаушы алып тұлғалардың бірі Беркені дүниеге алып келген ана. Сол өзінің баласы перзенті жолында, былай айтқанда, бүгін біз мекен етіп отырған мынау Ұлы даланы сақтауға, құруға, негізін қалауға дүниеге алып келген Беркеге жол ашып, Соның алтын қазығын қағып барып, дүниеден өтеді. Ананың ұлылығы.