Алматыда «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының жеңімпаздары марапатталды
Байқау Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен үш жылдан бері өтіп келеді, деп хабарлайды 24kz.
Жоба қаламгерлердің еңбегін насихаттап, жаңа есімдерді таныстырып, шығармаларын жариялауға ықпал етеді. Әдеби сыйлық 7 номинация бойынша берілді. Проза, поэзия, балалар әдебиеті, драматургия, аударма, сын және комикс саласында үздіктер 5 млн теңгеден сыйақы алды. Жиында министр Аида Балаева әдебиет саласын қолдауға арналған бірқатар маңызды бастамаларды атап өтті. Биыл министрлік Қазақстан Жазушылар одағымен «Стратегиялық әріптeстік» орнату бойынша 3 жаңа жобаны жүзеге асырды. Жас жазушыларға арналған «Алқа» әдеби клубы құрылды. Жыл сайын Жазушылар одағы Алматы әкімдігімен бірлесіп 400 қаламгерге, Астана әкімдігімен бірлесіп, 80 қаламгерге қала әкімдерінің гранттары табысталып жатыр. Министрлік кітап саласында да жүйелі жұмысты жалғастырып келеді. Мәселен, биыл қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді сатып алу бағдарламасы бойынша 52 авторға қаламақы төленді. Жаңа кітаптар келер жылы көпшілік оқырманға жол тартады. Ал қайта басып шығару бағдарламасы бойынша былтыр 134 кітап жарық көрсе, биыл жыл соңына дейін 189 жаңа кітап ел кітапханаларына таратылады. «Айбоз» сыйлығынан бөлек, жас қаламгерлерге арналған байқаулар да бар.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
- Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялағанын білесіздер. Осы орайда дарынды авторларға қолдау көрсетіп, қоғамдағы еңбек мамандықтарының маңызын ашу мақсаттында жас қаламгерлерге арналған «Ерлік пен еңбек дастаны» деп атын қойдық. Бұл жерде де жас авторлар байқаудан тыс қалмайды деп ойлаймын. Мұның бәрі ұлт әдебиетінің қаламгерлер қауымын қолдауға бағытталған кешенді жұмыстардың айқын көрінісі деп білемін.
Жүсіпбек Қорғасбек, жазушы, «Айбоз» сыйлығының иегері:
- Осымен 3 кітапты қатарынан жазып бітірдім. Бұл жерде «Сайтанның ойыны» деген бір ғана әдеби эссемен беріліп отырғанымен мұның артында осы әдеби эссе, әдеби сын бағытында жазған 3 кітабым бар. Енді оңай еңбек емес деп ойлаймын. Мұндай сыйлықтар, кітаптардың көп шығып жатуы, сонымен бірге оқырмандарды тәрбиелеуіміз осының барлығы бір-бірімен ұштасып жатқан үлкен жұмыстар деп те айтуға болады.