Ақтөбеде «Салбурын» саятшылар сайысы өтіп жатыр. LIVE
Сал-серілер Ақтөбеде бас қосты. Өңірде бұл күндері өңірде «Сыбаға» ұлттық дәстүрлер фестивалі өтіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Ұлтымыздың байырғы салтын дәріптеуді мақсат тұтқан алқалы жиын аясында бүгін дәстүрлі аңшылық және ұлттық спорт түрлерінен «Салбурын» байрақты бәсекесі басталды.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Бүгін құмай тазысын ертіп, қолына құсын қондырып, саятшылардың қырқаларды аралайтын қансонары. Жер бетін қар басып жыбырлаған жануардың ізін кесер күн туған. Аңшылар да ауа райын жақсылыққа жорып тұр. Бүркіттің қырағылығы мен тазының жүйрігін тамашалауға таптырмас сәт. Бұл жолы кіл мықтының ішіндегі ең шын мықтысы заманауи тәсілдермен анықталады. Мәселен ұшқыр иттерге шырға тартылады.
Бұған дейін құсбегілердің сайысы өткен болатын. Ережеге сай саятшылар құстарымен «сырласуы» шарт. Яғни, баптаған қырандар мен қаршығалар иесіне дер кезінде оралуы тиіс. Бұл сыннан мүдірмей өткен жұптың құстары ғана орағытқан қоян мен құйрығын бұлғаңдата қашқан түлкіге салынды. «Салбурын» дәстүрлі ойындар додасы өңірде «Сыбаға» фестивалі аясында алғаш рет өтіп жатыр. Садақ атудан да жарыс жоспарланған. Жалпы бұл мәдени шара бес күнге созылады. Кеше ұлттық киім үлгілері көрме-жәрмеңкесі болған еді. Ал бүгінгі мереке құмай тазы және ат әбзелдері көрмесіне ұласады.