Алматыда суретші Үкі Әжиевтің мерейтойына орай көрме ашылды

Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде суретші Үкі Әжиевтің туғанына 100 жыл толуына арналған «Жан жарығы» мерейтойлық көрмесі ашылды.

Үкі Әжиевтің шығармашылығы – ұлттық акварель мектебінің қалыптасуы мен даму дәуірі саналады. Түс, пішін, композиция саласында тынымсыз ізденген суретшінің әр картинасынан, сезімнің жылуы аңғарылады, дейді зерттеушілер. Үкі Әжиевтің акварельдерін өзге елдердің шеберлері жоғары бағалаған. Көрмеде Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің қорынан, жеке коллекциялардан және суретшінің отбасы жинағынан 70-тен астам кескіндеме және акварель туындылары ұсынылды.

Самал Мамытова, Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің ғылыми қызметкері:

- Үкі Әжиев өнер жайлы былай дейді «Өнер – менің өмірім. Өнерге шын жүректен сүйіспеншілік болмаса, бәрі бос әурешілік». Суретшінің бұл сөздерінен-ақ, өмірге деген өз қарасын, өнердегі бүкіл жолын көре аламыз, айқындай аламыз.