Атырауда «Ақшаң болса қалтаңда...» спектаклі сахналанды

Атырауда сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық күрес күніне орай «Ақшаң болса қалтаңда...» спектаклі сахналанды.  

Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры дайындаған қойылым бұған дейін 2015 жылы көрсетілген. Данияр Саламаттың спектакліне өзгеріс енгізіліп, жаңа актерлік құраммен өңір жұртшылығының назарына ұсынылды. Қойылым қоқыс аралап, күн көріп жүрген екі үйсіз адамның бір чемодан ақша тауып алуынан басталады. Олар алдымен табылған ақшаны пайдаланып бала күнгі арманына жеткісі келсе, кейін материалдық жағдайын жақсартуды ойлайды. Осылайша көрерменге  “қыруар ақша тапсаңыз, сіз қайтер едіңіз” деген сауал жолдаған спектакль көптің көңілінен шықты.

Темірбек Мұхтаров, Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі:

- Бұл бүгінгі қоғамда өзекті тақырып қой. Бұл жерде әркімнің өзінің патша-көңілі біледі. Ақшаның алдына келгенде қай жағына кету керек екенін. Сондықтан бұл жерде адамгершілігін жоймау керек адам. Сол мәселе айтылады. Ой тастайды.

Нұрлан Жахин, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары:

- Мәдениет басқармасы біздің нұқсауымыз бойынша өткізіп жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық күрес күніне орайластырылған шара. Сана қалыптастыру - басты мақсат. Өйткені жемқорлық тәуекелдері аз, көріністері аз елдер бірінші кезекте халықтың санасын өзгерту, мәдениетін қалыптастыруға ерекше назар аударған.