Елордалық оқушылар «Моана 2» туындысын тамашалады
Әйгілі «Моана» тағы да қазақша сөйледі. Disney студиясы таспалаған туындының жаңа бөлімі отандық кинотеатрларда көрсетіліп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Шытырман оқиғаға толы анимациялық фильм жарыққа шыққан 10 күн ішінде 152 млн-нан астам қаржы жинап үлгерген. Ана тіліндегі сеанстарға сұрыныс рекордтық көрсеткішке жетіпті. Көптің көңілінен шыққан кино шығарманы бүгін елордалық оқушылар тегін тамашалады. Жаңа бөлімнің жаңалығы ержүрек теңізшілердің қызыққа толы сапары. Түсінде бабаларынан аян алған қос кейіпкер басын қатерге тігіп, Океанияның шалғай аймағына аттанады. Моана мен Мауидың бастан өткергендерін режиссер 1,5 сағат уақытқа сыйдырған. Басты кейіпкерді қазақша сөйлеткен – Құралай Өтепова. Ол Моананың дауысын дыбыстайды. Ал, жас әнші Назима алып айдындағы ханшайымның барлық әнін орындаған.
Руслан Берденов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қазіргі таңда өкінішке орай, қазақ тілді контент аз. Сол үшін біз осындай ғаламдық, дүниежүзілік брендтермен жұмыс істей бастадық. Disney «Моана 2» қазақша нұсқасын өзіміз қолдау көрсетіп, қаржылай қолдауын көрсетіп, қазақшаға аударуға себепші болдық. Және де бір қуантарлығы, осы 12 күнде біздің тарихта болмаған рекорд жасады.