Астанада «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегерлері марапатталды
Астанада «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын иеленген лауреаттар марапатталды, деп хабарлайды 24kz.
Олар әдебиет, ғылым, дизайн, эстрада және креативті бастамалар секілді 10 номинация бойынша қатысқан. Жеңімпаздарға сыйлықты Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева табыстады. Бұдан бөлек, шарада «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттар байқауының жеңімпаздары марапатталып, әрбіріне 3 млн теңге табысталды. Осылайша, ақшалай сыйлыққа ие болғандар өздерінің жоба-бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік алып отыр. Жалпы бұл бағытта 6 аталым бойынша ең жоғары балл жинаған 30 жоба иегері іріктелген.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
- Мемлекет басшысы белгілеп берген нақты құндылықтарды ұстану, жастар дамуына қоғамдық сананың өзгеруіне оң ықпал етері сөзсіз. Мемлекетіміз жаңа даму кезеңінде жастарға ерекше көңіл бөліп, олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауда. Мемлекеттік жастар саласында жыл санап жаңа буынды қолдауға бағытталған шаралар мен жобалар аясы артып келеді.
Әділет Омаров, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері:
- Мұндай биік марапат біз үшін жетістік және мотивация береді. Алдағы уақытта үлкен жобаларды қолдауға, сонымен қатар кино туралы заңның бірден бір әзірлеушісі болып табыламын, жұмыс тобының мүшесімін. Сондықтан бұл марапатқа үлкен жеңіспен 15 жылдық еңбекпен келген марапат деп айтсам болады.