Парижде «Диуани лұғат ат-түріктің» 950 жылдығы аталып өтті

ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде түркі әлеміне ортақ құнды мұра – энциклопедиялық «Диуани лұғат ат-түрік» сөздігінің 950 жылдығы аталып өтті, деп хабарлайды 24kz.

Мерейлі датаға орай көне трактаттың орыс және әзербайжан тілінде аударма нұсқасы жарық көрді.

Махмұд Қашғаридің «Диуани лұғат ат-түрік» еңбегі – түркі тарихы мен мәдениетінің құнды мұрасы, түркі халықтарының қазыналы энциклопедиясы. Осы ескерткіштің 950 жылдығын атап өтуге әлемнің түкпір-түкпірінен ғалымдар мен дипломаттар жиналды. Олар ЮНЕСКО-ның қолдауымен ұйымдастырылған конференцияда еңбекте қамтылған ата-баба дәстүрі, тұрмыс тарихы мен мәдениеті туралы сөз қозғады.

Ақтоты Райымқұлова, Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті:

- Бұл культурология жағынан да, географиялық жағынан да, дүниетаным жағынан да, мысалы түркітану лингвистикалық ғылым жағынан да, әр түрлі жағынан да ең керемет дүниелердің бірі деп ойлаймын. Әртүрлі тілдерге аударылуы, әрине, дүниежүзілік ғалымдарға үлкен азық және жұмыс үшін керемет көмек деп ойлаймын.

Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қоры мерейтой қарсаңында трактаттың орыс тіліне аударылған нұсқасын жарыққа шығарды. Оны тәржімалаған – танымал шығыстанушы әрі лингвист Зифа-Алуа Әуезова.

Зифа-Алуа Әуезова, Шығыстану профессоры, аударма авторы:

- Сонау X ғасырда жазылған трактаттың қаншалықты әдемі естілетінін қараңызшы. Көне заманда жазылғанымен, аударма жасау барысында қазақ тілімен ұқсастықты жиі байқадым. Әсіресе, мақал-мәтелдері мағыналас келеді. Бұл ұқсастық қырғыз, өзбек халқына да тән болып шықты. Сөздіктің тілі көмексі болғанымен, өте өткір әрі әлі де тірі.

Жиында бұл еңбектің бірнеше жыл бұрын тәржімаланған әзербайжан тіліндегі нұсқасы да көпшілікке таныстырылды. Тағы көне қолжазбаның көшірме түпнұсқасы жақында жарыққа шығады. Сөздіктің өзі Ыстамбұлдағы кітапханада сақтаулы тұр. Мамандардың айтуынша, туынды қанша көмескі тартса да, әлі өңін жоғалтпаған.

Мелек Генчбояжи, Ыстамбұл миллет қолжазбалар кітапханасының директоры:

- Бұл шараға қатысқанымызға өте қуаныштымыз. Біз үшін бұл үлкен мәртебе. Париждегі ЮНЕСКО-да «Диуани лұғат ат-түрік» еңбегінің 950 жылдығын атап өткеннен кейін, Түркияда бұл бағыттағы шаралар жалғасын табады. Қолжазбаның жаңа басылымын жарыққа шығаруды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ «Диуани лұғат ат-түрік» тақырыбында конференция ұйымдастырамыз.

Түркі әлемінің тырнақалды энциклопедиялық туындысы өзектілігін ешқашан жоймайды. Керісінше, бұл ұлы мұра ғалымдар мен тарих мамандары тарапынан қызығушылыққа ие. «Сол себепті көне еңбектің құндылығын көпшілікке жеткізіп, дәріптеуге күш салуымыз керек», - дейді ұйымдастырушылар. Бүгінгідей жаһандану дәуірінде «Диуани лұғат ат-түрік» сияқты ауқымды туындылар біраз халықтың бірегейлігі мен дәстүрін сақтауда үлкен маңызға ие.

Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Алия Сыздыкова