Талдықорғанда әйгілі «Бұлбұл» әнін шырқайтын жас өнерпаз тұрады

Талдықорғанда қазақ операсының биік шыңына баланған әйгілі «Бұлбұл» әнін шырқайтын жасөспірім тұрады, деп хабарлайды 24kz.

Інжу Есімжан атты жас өнерпаз небәрі 12 жаста. Соған қарамастан ол осындай күрделі туындыларды шырқайды. Жас дарын республикалық және халықаралық байқауларда топ жарып, өнерімен көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп жүр.

Қаршадай өнерлі қызды қалың көпшілікке танытқан осы – «Бұлбұл» әні. Қазақтың күміс көмей әншісі Бибігүл Төлегенованың репертуарындағы күрделі туынды сан иірімді қажет етеді. Оны нақышына келтіре орындау үшін Інжу Есімжан ұстазымен бірге күніне екі сағаттан дайындалады.

Ілияс Мырзабайұлы, вокал мұғалімі:

- Інжукәмен дайындалып жатқанымызға, міне, екі жыл болады. Біз тек дауыспен жаттығу жасаймыз. Одан кейін Нұрғиса Тілендиев, Шәмші ағамыздың әндерін орындаймыз. Даусында ерекшелігі бар. Кішкентай болса да, анандай дауыспен бес октава ғой. Төменгіні айта береді. Слухы да өте жақсы, керемет.

Інжуді түрлі үйірмелерге апарып, талабын шыңдап, сахналық образын қазір анасы қалыптастырып жүр. Рыскүл Есімжанқызы: «Бүлдіршіннің дарынын алғаш болып балабақша тәрбиешілері байқап, ертеңгіліктерде ән айтқызды», - дейді.

Кейін баласының қабілет-қарымын көрген әкесі Бақберген Асқарбеков өзімен бірге сахнаға шығарып, өнер жолындағы тұсауын кесті.

Рыскүл Есімжанқызы, анасы:

- Әкесінің айтатын ақылы орасан зор. Өнерде 50 жыл жүрген адам болғандықтан, өнер әлемін ерекше түсіндіреді. Бірінші кезекте әкесінің айтатыны: «Мақтанбау керек, көкірек кермеу керек, ұлық болсаң кішік бол», деген. Біз көбінесе Бибігүл Төлегенованың, Димаш Құдайбергеннің коментарияларын үлгі тұтып, айтып отырамыз.

Жас дарын биылғы «Жас қанат. Балалар-2024» байқауында бірінші орынды иеленді. Осы уақытқа дейін ол елімізде және шетелдегі алпыстан аса өнер бәйгесінде оза шауып, олжалы болған.

Інжу Есімжан, жас өнерпаз:

- Болгарияға «Stars of world» деген байқауға барып бас жүлдені жеңіп алдық. Және де Роза Бағланова апайымыздың республикалық «Әдемі ау» деген әншілер байқауында бас жүлдені жеңіп алдық. Бұл менің ең бағалайтын, сыйлайтын құнды ең қымбат жүлдем деп айта алам. Себебі Роза Бағланова апамыз қазақ елін шетелге танытқан мықты әнші.

Інжу Талдықорғандағы №28 ІТ лицейінің жетінші сыныбында оқиды. Музыка мектебін үздік бітірген өнерлі жас сыныбындағы озат оқушылардың бірі әрі мақтанышы.

Марал Мәнібекова, қалалық №28 ІТ мектеп-лицейінің мұғалімі:

- Інжу өте нәзік білініп тұрады өнер адамы екені. Сыныптастары арасында сыйлы. Достары көп. Жақсы араласады. Гуманитарлық пәнде белсенділігі жоғары. Мектепшілік концерттерде, қалалық концерттерде қоғамдық жұмыстарға өте белсенді араласады. Інжудің әнінсіз бізде концерт өтпейді.

«Енді қазақтың «Бұлбұлы» атанған әйгілі Бибігүл Төлегенованың батасын, ал, Димаш Құдайберген сынды дарын иесінен дәріс алсам», - дейді жас өнерпаз. Келешекте әлемдік сахналарда қазақ өнерін асқақтатсам деген асыл арманы, таудай талабы бар.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев