Бибігүл Төлегенованың 95 жас мерейтойына орай елімізде 150-ден астам іс-шара өтті

Бүгін Бибігүл Төлегенова 95 жасқа толды. Қазақтың бұлбұлы атанған өнер иесі әлем сахнасында ел абыройын асқақтатты, деп хабарлайды 24kz.

Биылғы атаулы датаға орай біртуар әншіге жыл бойы құрмет көрсетілді. Мерейтой қарсаңында республикалық және өңірлік деңгейде 150-ден астам іс-шара өтті.

Күміс көмей әншінің тұнық даусын танымайтын қазақ кемде-кем. Әсіресе, Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсындағы Ажардың ариясы тыңдарманның құлақ құрышын қандырады. Әлемдік классиканы да нақышына келтіріп орындайтын. «Олардың ішінде «Джанни Скикки» операсындағы «Лореттаның ариясын» ерекше атап өтуге болады», - дейді Бибігүл Ахметқызының ізбасары Жұпар Ғабдуллина.

Жұпар Ғабдуллина, «Астана Опера» жетекші солисі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- Әрине, ол Сегіз серінің әндері, «Гауһар тасы». Және де Латиф Хамидидің «Бұлбұл» әні. Біздің қазақтың бұлбұлы ғой Бибігүл Ахметқызы. Және де Латиф Хамидидің «Қазақ вальсін» әлемге паш еткен Бибігүл Ахметқызы. Біздің вальс жанрын бүкіл дүниежүзіне паш еткен. Сондықтан сол репертуарды жақсы көрем.

Ғасырға жуық жасаған әнші құрметке бөлеген халқына дән риза. Кеше Бибігүл Ахметқызының мерейтойына орай Астанада мерекелік концерт өтті. Тәуелсіздік күнімен қатар келген қуанышқа арналған шарада өзі шырқаған операларды көрермен залынан тыңдаған өнерпаз еліне рақмет айтты.

Бибігүл Төлегенова, Қазақстан және КСРО халық әртісі:

- Қазір менен ешқашан да ешкім ән сұрамайды. Менен бәрі бата сұрайтын болды. Өйткені үлкен болғаннан кейін. Құдайыма мың шүкір. Осы елдің батасы болуы керек. Мен осындай 95 жасқа келіп отырмын. Бүгін өзімнің тойымды сіздердің ортаңызда өткізіп отырмын. Өте бақыттымын.

Бибігүл Төлегенова – барлық жоғары наградаларға ие болған сирек әншілердің бірі. Сонымен қатар актриса және білікті педагог ретінде де танылған. Ардагер ұстаз елімізді әлемге танытып жүрген бір топ опера әншілерін дайындады. Осылайша, қазақ мәдениетіне өлшеусіз үлес қосты.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Абдулхамит Бөлекбаев