Талдықорғандық ісмерлер әулеті дәстүрлі өнерді дәріптеп жүр

Той-томалақтағы тарту-таралғылар тек ұлттық нақышта болу керек. Еліміздегі жасы ең үлкен аламан-құрақшы әже Тұмарбала Сәлекеева осылай дейді. Талдықорғанда тұратын қарт ісмер Дүниежүзілік көшпенділер ойыны аясында өткен «Аламан құрақ» жобасына қатысып, көпшілікке танылды.

Тоқсанды алқымдаған Тұмарбала апа матаның қиындыларынан айдындағы аққудың бейнесін құрап жатыр. Жастықшаларды немересінің тойында қонақтарға кәдесый ретінде бермек. Ал өнерлі өрендерге өз қолымен тіккен әрі үйде ойнаса да, ештеңені сындырмайтын допты тарту етеді. «Осылайша, әулеттің қуанышты басқосуын мағыналы өткізіп, салт-дәстүрімізді дәріптесем», – дейді. 

Тұмарбала Сәлекеева, ісмер:

- Жетпіске дейін апарамыз. Неге десең, тойға келген қызықтаған туыстар бар ғой. Соларға бір-бір сыйлық қолдарына пакетке салып, ұстатып жібереміз. Барғанда айтады ғой. Бәленше той жасапты, содан алдық деп. Осылайша, салт-дәстүрді жалғаймыз. Бәленбай метр бұл бергенше мынау жасалған дүниені қызық көріп, қуанышына игіліктеріне ұстап жүреді.

Құрақшы апа он құрсақ көтеріп, балаларын қолөнерге баулып өсірді. Қазір анасының жолын қызы Гүлжанат Тұрысбаева жалғап келеді. Ұрпақ сабақтастығын сақтаған отбасы Астанада өткен «Аламан құрақ» жобасына қатысып қайтты. Көрмеге апарған 2,5 метрлік көрпелері әртүрлі оюмен өрнектеліп, халқымыздың таным-түсінігінен хабар беріп тұр.   

Тұмарбала Сәлекеева, ісмер:

- Осының әрбіреуі сөйлеп тұр. Мынаның үстінде қошқармүйіз, гауһартас, төрт дүниеміз түгел болсын дегендей төрт бұрышы, құрақ дегеніміз қазақ құрақтай құралайық, құрақтай құрылсақ, үлкен нәтиже шығарамыз, көп боламыз деп осындай мақсатта құрадым. Мына көрпенің ішінде қойдың аппақ жүні бар. Оны түтіп, мәдениеттеп, осының ішіне салдық.

Тұмарбала апа ине сабақтауды ғана балаларға тапсырады. Қалған жұмыстың бәрін өзі асқан ыждаһаттылықпен істейді. Негізінен көп жылғы тәжірбиесіне сүйеніп, матаны көз мөлшермен кеседі. Ал қызы Гүлжанат тәте арнайы нұсқаулық кітапша мен ағаш оюлардың үлгісін алды. Тігін машинасын жаңартып, тоқсаныншы жылдардан бері жан қалауына, табыс көзіне айналған кәсібін жандандырып жатыр.  

Гүлжанат Тұрысбаева, ісмер:

- Қазіргі технология дамыған заманда елдердің талғамдары да жоғары. Сол үшін сол талғамға сай жаңаша деңгейге көтерілейін деп жатырмын. Адам пенсиға шыққаннан кейін де бұдан да биікке көрінсем деп ойлаймын. Әлі де жұмыс істегім келеді. Елімізге, халыққа әлі де өнерімізді көрсетіп, осындай өнермен айналысқым келеді. Осындай тіксем, мен өзімді жақсы сезінемін.

Тұмарбала апа келіндері мен немерелерін де дәстүрлі өнерге баулып жүр. Ісмерлер отбасы енді Алматыда өтетін «Аламан құрақ» көрмесіне қатысып, ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға үлес қоспақ.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев.