Брюссельде Орталық Азия қолөнер шеберлерінің көрмесі ашылды
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Брюссельде Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің қолөнер шеберлері мен дизайнерлерінің көрмесі ашылды, деп хабарлайды 24KZ. Онда түрлі әшекей бұйымдар мен киімдерден бөлек, пайдаланылған материалдарды өңдеу арқылы жасалған өнімдер де қойылған.
Қазақстан, Моңғолия және басқа да Орталық Азия елдерінің қолөнер шеберлері мен дизайнерлерінің көрмесі Брюссельдегі Саблон алаңындағы әйгілі «Espace Intermediare» галереясында өтіп жатыр. Онда зергерлік бұйымдар, тері мен жүннен жасалған киімдер қойылған. Көрмеге келушілер қолданылыған материалдар қалай қайта өңделетінімен де таныса алады.
Елена Ван Харитонова, «Мәдениет керуені» Орталық Азия шығармашылық орталығының директоры:
- Біз мұндай іс-шараны жыл сайын өткізбекпіз. Басты мақсатымыз – Орталық Азияны, оның ішінде Қазақстанды мәдениет, қолөнер арқылы таныстыру. Келешекте игі істі барлық дизайнерлерімізді шақырып, өткізіп тұрсақ дейміз.
Киім дизайнері Оксана Ян Қазақстанда туып-өскен. Бельгияда тұрғанына 20 жылдан асты. Қазақстанға кезекті сапарында түйе жүнінен жасалған көрпелерді көріп, оны қайта өңдеп, этностильде әдемі пальто тігіп шығаруды шешеді. Бүгінде мұндай үрдіс Франция, Бельгия және Голландия дизайнерлері арасында да қалыптасып келеді.
Оксана Ян, киім дизайнері:
- Мен бұл көрпені көргенде оны түрлендіріп басқа өнім шығару ойыма келді. Өйткені 2017 жылдан бері пайдаланылған материалдарды өңдеу арқылы жасалатын киім брендім бар. Түйе жүні жылу реттегіштік пен суды басатын қасиетке ие екені белгілі. Оның үстіне бүгінде Еуропада қоршаған ортаны қорғауға көп көңіл бөлініп жатқандықтан, шикізатты қайта өңдеу өзекті.
Камила Фьоринтини, зергергерлік бұйымдар дизайнері:
-Мен көрмеге күмістен жасаған қазақтың ою-өрнегі бар әшекей бұйымдарымды алып келдім. Олар еуропалықтардың талғамына сай өзегертіліп жасалған. Сондай-ақ ерлерге арналған білезіктер мен мойынтұмарларымды қойған едім, тез сатылып кетті.
Дизайнерлердің айтуынша, олардың қолөнер бұйымдары мен әшекейлерінен Ұлы даланың күш-қуатын сезуге болады. «Еуропалықтарды қызықтыратын да осы ерекшелік», – дейді.
Айта кетейік, қазақстандық қолөнер шеберлерінің көрмесі 19 қаңтарға дейін жалғасады.
Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов.