Ілияс Есенберлиннің туғанына 110 жыл толды

Бүгін қазақты тарихымен қауыштырған қаламгер Ілияс Есенберлиннің туғанына 110 жыл толды.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Екінші дүниежүзілік соғыста жаумен, одан кейін қазақ тарихын тұмшалаған даумен арпалысты.

Ол қазақтың алғашқы ханынан бастап, соңғы ханына дейінгі тарихты қағаз бетіне түсірді. Алматыдағы Ұлттық кітапхана мерейтойға орай көрме ұйымдастырып, оқырмандарды жазушының мұрасымен таныстырды.

Ілияс Есенберлин мұрасы қазақ әдебиеті мен тарихы үшін алтыннан қымбат қазына. Жазушының қаламынан шыққан шоқтығы биік «Көшпенділер» мен «Алтын Орда» тарихи трилогиялары оқырманға етене таныс. Оның «Қауіпті өткел», «Ғашықтар» романдарын да оқырман сүйіп оқиды. Ұлттық кітапхана қаламгердің шығармаларын үнемі дәріптеп отырады.

Қанат Алтынбек, ҚР Ұлттық кітапханасының қызметкері:

- Білесіздер, Ілияс Есенберлин тарихи тақырыпта көптеген романдар жазған жазушы. Сондықтан біз ең бірінші Ілияс Есенберлиннің өзінің өмірбаянына арнадық бірінші бөлімді. Екінші бөлім ол кісінің жиырмаға жуық романдары топтастырылды. Үшінші бөлімде Ілияс Есенберлин туралы жазылған біздің ғалымдардың, әдебиеттанушы профессорлардың еңбектері енгізіліп отыр. 

Ілияс Есенберлин 1915 жылы 10 қаңтарда Атбасарда дүниеге келген. Ерте жетім қалған қаламгердің өмірі де, шығармашылығы да қиындыққа толы болған. Екінші дүниежүзілік соғыста аяғынан жарақат алған майдангер соғыстан кейінгі өмірін әдебиетке арнайды. Кеңестік саясаттан қорықпай қазақ хандығының шежіресіне айналған «Көшпенділер» трилогиясын жазды.  

Нұрдәулет Ақыш, жазушы, филология ғылымдарының докторы:

- Тұйықтау кісі болатын. Өйткені кезінде белгілі бір себептермен сотталып кеткен болатын. Қайтадан келген. Одан соң өзінен үстінен жақтырмайтын адамдардың көп екенін біледі. Соның салдарыран көп ашылмайтын да болуы керек. Тіпті мынау жылдық қорытынды жиналыстар болады, конференциялар болады Жазушылар одағында. Сонда ол кісінің бір шешіліп сөйлегенін де көрмеппін.

Ілияс Есенберлин 17 роман жазған. Бұл жазушы үшін үлкен олжа. Тарихи тақырыптардан бөлек әдебиеттің басқа жанрларында да қалам тербеді. «Айша» және «Сұлтан» поэмалары да жарық көрді. Әдебиеттанушылар Есенберлин мұрасын біраз жылдан бері зерттеп келеді. Енді автордың қолжазбалырын тереңінен зерделеу қажет,-дейді. 

Гүлжаһан Орда, М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері:

- Көшпенділер туралы кандидаттық диссертация қорғалды және ол кісінің әдеби шығармашылық портреттері жасалды, жекелеген жанрлар аясында зерттелді. Осының бәрі де тәуелсіздік тұсындағы зерттеулер. Ал, бірақ бізде мынау текстологиялық жұмыстар деген болады. Әрбір шығарманың алғашқы қолжазбаларымен зерттеу. Алғашқы нұсқасы қандай болды. Мысалы, Көшпенділерді айтар едім, Көшпенділердің өзін арнайы текстологиялық жұмыс жасау керек. Себебі, кезінде көптеген айқай-шу туғызған, көптеген дау-дамайға қалған шығарма ғой бұл.

Ұлттық әдебиеттің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Ілияс Есенберлиннің шығармалары жастарға рухани азық екенін анық. Сондықтан қаламгердің өмірі мен шығармалары үнемі айтылып тұру керек,-дейді зерттеушілер. 

Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев