Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Мағауин дүниеден өтті

«Арыстан ӘКЕМ фәниден бақиға аттанып кетті». 

Қазақтың абызы, заңғар жазушысы Мағауиннің ұлы Едіге осылай деп жазды. Мұхтар Мағауин АҚШ-тың Мерилэнд штатындағы үйінде, бүгін таң алагеуімде, Қазақстан уақытымен сағат 6-ға 5 минут қалғанда 85-ке қараған шағында қайтыс болған.

«Жазушы» баспасы, «Жұлдыз» журналын басқарған классик халқына мол мұра қалдырды. Ол сонау кеңес заманының өзінде ескі дәуір жырауларын тірілтті. "Алдаспан" жинағы арқылы қазақтың 5 ғасырлық тарихына шолу жасады. "Аласапыран" тарихи роман дилогиясы үшін Абай атындағы Мемлекеттік Сыйлыққа ие болған. Ол Қазақстанның Халық жазушысы және Құрметті жазушысы. Оның баяғы "Тазының өлімінен" бастап, Қобыз сарыны, Сары қазақ, "Шақан шері", "Жармақ" сынды әр шығармасы мен "Мен" ғұмырбаяндық мемуары оқырманның жүрек түкпірінде жатталып қалған. Еңбектері 27 том болып жиналған. Соңғы жылдары "Шыңғыс хан және оның заманы" атты толайым зерттеу еңбегін жазды.