Қазақтың жоғын түгендеп, өткенін жаңғыртып кетті – замандастары Мағауин туралы
«Арыстан әкем фәниден бақиға аттанып кетті». Қазақтың абызы, заңғар жазушысы Мағауиннің ұлы Едіге осылай деп жазды, деп хабарлайды 24kz.
Мұхтар Мағауин АҚШ-тың Мерилэнд штатындағы үйінде, бүгін таңда Қазақстан уақытымен сағат 6-ға 5 минут қалғанда 85-ке қараған шағында қайтыс болған. Қаламгердің қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі шексіз. Қала берді, тұтас ғұмырында тарихты тірілтіп, қазақтың өткенін жаңғыртып кетті. Замандастар жазушының маңғаздығын, ешкімге именбейтін паңдығын айтып, еске алады.
Қазақта қаламгер көп.... Бірақ...Мағауиндей марғасқасы бөлек еді, маңғаз еді.. Иә, енді ұлы жазушы туралы өткен шақта ғана айта аламыз.... Мұхиттың ар жағынан алакеуім таңда жеткен суыт хабар қазақ оқырмандарының қабырғасын қайыстырды бүгін. Ұлтының ұлы перзенті, жазушы, тарихшы Мұхтар Мағауин келместің кемесіне мініп кете барды. Ақтық демі атамекенінен жырақта үзілді. Оқырмандарының жанына батып, жүрегіне біз болып қадалғаны да осы еді...
Дәулеткерей Кәпұлы, айтыскер ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
- Туған жерінен топырақ бұйырмай, мұхит асып, шығармаларын жазып отырып, дүние салды. Бұл енді тағдырдың ісі ғой. Бірақ қазақ халқының мәңгі жүрегінде. Ілияс Есенберлин ғана бағып отырған тарихи тақырыптарымызды Ораз Мұхамбеттің бейнесі арқылы «Аласапыран» дейтін қылы сүйекті, жілікті шығармасы арқылы қазақты тағы бір қуантып тастады.
Мұхтар ағаның шығармалары кітап сөрелерінде шаң басып жатқан жоқ. Керісінше, оқырман іздеп жүріп оқитын еді. Ол талайдың жүрек көзін, жан сарайын ашты. Тарихты тірілтті, қазақ поэзиясының көкжиегін кеңейтті. Кез келгеннің тісі бата бермейтін тақырыптардан тайсалған жоқ. Ешкімнен именбейтін, жақтырмағанына жалпақтамайтын, қайтпас қайсар мінезімен ерекше еді. Мағауинше айтқанда... жазудан басқа тiршiлiгi, жазудан басқа тiлеуi де болған жоқ. Марқұмның әр туындысынан ұлтына деген махаббаты, жанашырлығын байқамау мүмкін емес-тін.
Смағұл Елубай, жазушы, кинодраматург:
- Мұхтар Мағауинды түсіндіріп жатудың өзі қажеті жоқ. Күллі қазақ біледі. Сонау «Аласапыраннан» бастап, әйгілі тарихи романы. Содан кейінгі қазақ тарихының әліппесі атты тарихи монографиясынан бастап, соңғы Шыңғыс ханға дейнігі толып жатқан еңбектер естуімізше, ол еңбектер 23 том болып шыққан көрінеді. Сондықтан да шынтуайтына келгенде, өзіне-өзі мәңгілік ескерткіш қойып кеткен түлға деп білеміз.
Мұхтар Мағауиннің қаламынан туған «Көк мұнар», «Аласапыран», «Шақан Шерi», «Жармақ», «Мен» сынды романдарының әрқайсысы жеке дара, озық туындылар. 18 жылға жуық елден жырақ жүрсе де, ұлы суреткер халқы үшін жазуды тоқтатқан жоқ. Кітапсүйер қауым Мағауин шығармаларын сұрап жүріп, іздеп жүріп оқитын. Жазушы үшін бұдан асқан бақыт жоқ, сірә. Содан болар, Мұхтар Мағауин туралы сөз болғанда қазақ қана емес, адамзат деген тіркес қоса айтылады. Себебі ұлы қаламгердің сүбелі шығармалары өз ұлтына ғана емес, күллі адамзатқа ортақ ұлы мұра.
Дулат Исабеков, жазушы, драматург:
- Мұхтар Мағауин қайтыс болды деген хабарды естігенде өзім отырып қалдым. Кеше ғана сау адам сияқты екеуміз айтысып жүр едік қой. Адам өлмейтіндей жүреді екенсің де тіршілігіңде. Сол адамды ойландырып кетті. Тіршілік болған соң анау дейсің, мынау дейсің, айтып қаласың. Бәріміздің де баратын жеріміз сол жер бесік қой.
85 жыл. Қаламгер өмірін өнегемен өріп кетті. Нағыз жазушының қалай өмір сүру керегін көрсетіп кетті. Қазақтың жоғын түгендеп, өткенін жаңғыртып кетті. Өз сөзімен айтқанда, бар ғұмыры жарыққа ұмтылған арпалыс үстінде өткен Мұхтар Мағауин – көзім жұмылған мезетте, бұрнағы Алапат Бабалары сияқты, өлмес, өшпес, Мәңгілік Аруаққа айналды. Қош, қазақ әдебиетінің шыңы.