Бүгін Сәбит Досановтың туғанына 85 жыл толды

Бүгін көрнекті қаламгер Сәбит Досановтың туғанына 85 жыл толды, деп хабарлайды 24kz.

Жазушы қазақ әдебиетіне «Қыран қалғымайды», «Тұйық», «Ақ аруана» сынды романдар мен әңгімелерді тарту етті. Елордадағы Ұлттық кітапхана мерейтойға орай көрме ұйымдастырып, оқырмандарды жазушының мұрасымен таныстырды.

Сәбит Досановтың мұрасы қазақ әдебиеті үшін құнды қазына. Жазушының қаламынан шыққан шоқтығы биік «Қасқыр ұлыған түн», «Жиырмасыншы ғасыр», «Қылбұрау» сынды романдары оқырманға етене таныс. Оның «Қыран қалғымайды», «Жусан исі» повестерін де оқырман сүйіп оқиды.

Таңшолпан Өтеген, кітапханашы:

- Ұлттық академиялық кітапханада Сәбит Досановтың 85 жылдығына орай кітап көрмесі қойылды. Ол кісі қазақ әдебиетінің өркендеп өсуіне үлкен үлес қосты.

Торғай жерінде дүниеге келген жазушының тырнақалды туындысы небәрі 8 жасында жарық көрді. «Тіпті бала Сәбиттің шығармасы 20 жылдай мектеп бағдарламасынан түспей келді», - дейді замандастары. Сондай-ақ қаламгер 25 жасында 78 жолаушысы бар ұшақ апатынан аман қалған.

Қойшығара Салғараұлы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- Екі адам аман қалды. Ол да Сәбиттің түпкі ниетінің түзулігінен. Аман қалуы тағдырдан деуге болады. Содан кейін ішкі жан дүниесінің тазалығынан деп ойлаймын.

«Дей алмаймын дара туған данамын, Ел алдында аласамын, баламын. Қажетіне жарар болсам халқымның, Қиналмай-ақ өлімге де барамын», - деп жырлаған қаламгер 2024 жылдың 31 наурызында дүниеден озды. Жиырма жылға жуық «Жиырмасыншы ғасыр» эпопеясын жазған жазушы, өмірінің соңында XXI ғасырдың эпопеясын жазуға ден қойған болатын.

Сәбит Досанов (титрсыз бейнеқор 2020 жыл):

- Мен «ХХ ғасыр» деген эпопея жаздым. Сол үшін мемлекеттік сыйлық алдым. Онда 120 жылдың тарихын жазып бердім. Ендігі менің арманым – ХХІ ғасырда эпопея жазу. Оны әлі бастаған жоқпын. Осы той өткеннен кейін сол эпопеяға кірісемін.

Иә, қаламгердің өзі өлгенмен, қазақ руханиятына қосқан мұрасы өлмеді. Бүгінде Сәбит Досановтың шығармалары шет тілдеріне де аударылып жатыр. «Оның рухани қазынасы әлем әдебиетінің де қорын байыта түсті», - дейді зиялы қауым өкілдері.