Балалар драматургиясын дамыту қажет – театр директорлары

Қазақ театрларында балалар мен жасөспірімдерге арналған қойылым аз. Өзекті мәселе Талдықорғанда өткен республикалық театр директорларының кеңесінде көтерілді.

Жыл сайын елімізде 200-ге жуық балалар спектакль сахналанып, соның 30%-і ғана қазақы таным-түсініктегі шығарма екені айтылды. Бұл тақырыпта қалам тербейтін жазушы мен драматургтардың аздығы, олардың еңбегі арзан бағаланатыны да сөз болды. Басқосуда балалар драматургиясын дамыту жолы талқыланды.

Еркін Жуасбек, М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрының директоры:

- Біз әлі күнге дейін Буратиноны, әлі күнге дейін Золушканы көрсетіп жүрген жайымыз бар. Шын мәнінде қазақтың ұлттық этнографиясына, тақырыбына, фольклорына сүйенген. Тіпті бүгінгі таңда балалар сүйіп көретін танымал кейіпкердің жоқ екені ешкімге жасырын емес. Тілі енді шығып келе жатқан балаларға дейін білетін кейіпкерлердің қазақы үлгісі, сипаты болмысы табылуы – бұл ең басты қазіргі таңдағы өнердің әдебиеттің міндеті деп білем.