Аида Балаева зиялы қауымды Президент айқындаған құндылықтарды насихаттауға үндеді
Бүгін Алматыдағы Достық үйінде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әдебиет пен өнерге зор үлес қосқан тұлғаларға мемлекеттік стипендия тапсырды, деп хабарлайды 24kz.
Дәстүрлі марапатқа мәдениет пен әдебиет саласында тер төгіп жүрген 75 адам ие болды. «Шығармашылық өкілдерін қолдау – елді бірлікке бастар руханиятты көтеру», - деп атап өтті министр.
Жыл басында орайлы себеппен бас қосқан зиялы қауым өкілдері қол алысып, құшақ айқастырып мәре-сәре. «Тыныш заманда амандықпен жүздесу олжа», - дейді алдыңғы буын ағалар. Мемлекеттің қолдауына да дән риза. Мәдениет саласындағы дәстүрлі марапат шығармашылық өкілдеріне серпін беріп, жаңа бастамаларға жол ашатыны белгілі. Жүктелер міндет те жоқ емес. «Халықты бірлікке шақыру, татулықты нығайту, жас ұрпаққа ізгі құндылықтарды сіңіру – зиялы орта мен мемлекеттің ортақ мүддесі», - деп атап өткен министр Аида Балаева, зиялы қауымды Президент айқындаған құндылықтарды қолдауға шақырды.
Әлия Бөпежанова, әдебиеттанушы, сыншы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:
- Биыл осы стипендияға бірінші рет мені де ұсынған екен. Оған өте қуаныштымын. Стипендияның жүгі ауыр деп айтуға болады. Өйткені бұл – үлкен жауапкершілік. Сондықтан жауапкершілікті мүмкіндігінше атқарып жүреміз деп ойлаймын.
Биыл Мемлекеттік стипендия әдебиет пен өнердің 75 қайраткеріне тағайындалды. Асанәлі Әшімов, Ақұштап Бақтыгереева, Смағұл Елубай сынды белгілі тұлғалармен қатар өнерден өз орнын тапқан жастар да марапатқа ие болды.
Мақсат Саматов, Абай атындағы ҚАЗҰОБ театрының солисі:
- Мен үшін бұл – үлкен мәртебе. Ең алғашқы рет еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтан стипендия алу үлкен қуаныш болып тұр мен үшін. Әсіресе, жастарға мотивация десек блады, ары қарай өнерге деген, жалпы жұмысқа деген құлшынысты арттырады.
Өткен 2024 жыл мәдениет саласы үшін нәтижелі жыл болды. Үш музей Ұлттық мәртебесін алды. Қазақ киносының қарашаңырағы «Қазақфильмді» қаржыландыру мәселесі шешімін тапты.
Тұңғышбай Жаманқұлов, Қазақстанның халық әртісі:
- Қазіргі кезде өнерге ерекше жақсы көзқарастар көрініп жатыр. Бүгін енді Президенттің ерекше ықыласымен мемлекеттік стипендия алып жатырмыз. Үлкен үлкен ағалармен қатар тізімде болғаныма өте қуаныштымын. Азғантай болса да өнерге сіңірген еңбегіміз, өнер әлеміндегі өзіндік орнымыз бар екенініне, мемлекетіміздің бағалап, біліп жатқанынан шүкіршілік етемін.
Бүгін мемлекеттік стипендияға ие болған әдебиет пен өнер адамдарының бір шоғыры ғана. Алдағы уақытта Астана қаласында осы саланың көркеюуіне үлес қосып жүрген шығармашылық өкілдері марапатталады. Ең бастысы, жұдырықтай жұмылып, ел мүддесі үшін аянбай қызмет ету. Сала басшысы Мемлекет тарапынан мәдениет майталмандарының шығармашылығын қолдау жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев, Кенже Амраев