Алматыда Ермек Серкебаевтың ескерткіші ашылды
Бүгін Алматыда көрнекті опера әншісі, актер, педагог Ермек Серкебаевтың ескерткіші ашылды, деп хабарлайды 24kz.
Қоладан сомдалған мүсін өнер сүйер қауымның дарынды әншіге деген ыстық ықыласының белгісі. Іс-шараға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, әншінің інісі Мұрат Серкебаев пен ұлы Байғали Серкебаев қатысты. Шығармашылық зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары да келді.
Ескерткіш Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі ғимаратының алдына қойылды. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ескерткіштің ашылуы қазақ елінің ұлы перзентіне деген құрметі екенін атап өтіп, Ермек Серкебаевтың бай рухани мұрасы ұлт жадында мәңгі сақталатынына сенім білдірді. Салтанатты жиынға келген Қазақстанның халық әртісі Мұрат Серкебаев ағасы Ермек Серкебаевқа көрсетілген құрмет үшін ризашылығын жеткізді.
Мұрат Серкебаев, Қазақстанның халық әртісі:
- Мен Серкебаевтар әулетінің атынан осындай ескерткіш үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға және қала әкіміне алғыс айтамын. Барлықтарыңызды бүгінгі керемет оқиғамен құттықтаймын. Біздің жүрегіміз мерекелік көңіл-күйге толып тұр. Барлықтарыңызға рақмет.
Қазақ операсының құлагері атанған Ермек Серкебаев 1926 жылы 4 шілдеде туған. Ол – қазақ опера өнерінің дамуына үлкен үлес қосып, халық ықыласына бөленген талант иесі. Миллиондаған өнерсүйер қауымның махаббатына бөленген музыка майталманы 2013 жылы 88-ге қараған шағында дүние салды. Өмірінің соңына дейін Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында солист болды. Оның ғибратты ғұмыры-ұлттық мәдениет тарихының тұтас бір тарауы іспеттес.
Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Еңбек ері:
- Күннің өзі де жарқырап, мінекей, ұлы адамның ескерткішіне қол соғып жатқандай. Ерекеңнің халыққа еткен еңбегі жалғыз қазаққа ғана емес, бүкіл одаққа еткен еңбегін бағалап, қала басшылары, айналайын, рақмет сендерге. Осындай еңбектерің жана берсін. Ұлыларды ұлықтау деген бәріміздің міндетіміз.
Әлібек Дінішев, Қазақстанның Еңбек ері:
- Мен шетелге гастрольдік сапарға шыққан кезде бәрі Ерекеңді сұрайтын. Елена Кузнецова, Евгений Нестеренко, Николай Гнатюк Ермектің жағдайын сұрап, сәлем айтып отыратын. «Ағамыздың жағдайы жақсы, әнін айтып жүр», - деп әртістердің сәлемін жеткізіп отыратынмын. Ермек Серкебаевты бүкіл Кеңес Одағы жақсы көрді, сүйіп тыңдады.
Ермек Серкебаев дарынды музыканттар әулетінің негізін қалады. Тыңдарман қазақ операсының жауһарларын Серкебаевтың даусымен танып, жүрегіне ұялатты. Қазақ операсының бүгінгі жетістігі Ермек Бекмұхамедұлының есімімен тығыз байланысты.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев