Көкшетауда ақтүтек боран соғып тұр

Көкшетауда ақтүтек боран соғып тұр

Көкшетауда ақтүтек боран. Түнде басталған қар әлі жауып тұр. Соның салдарынан көшеде көлік қозғалысы қиындады. Коммуналдық қызмет ақ ұлпаны тазалап үлгерер емес.

Қазгидромет мамандарының айтуынша, соңғы екі тәулікте Көкшетауға қардың бір айлық мөлшері жауған. Шаһар сыртында да бұрқасыннан түк көрінбейді. Сол себепті аймақта сағат 11-ден бастап көптеген облыстық және республикалық маңыздағы жолдар жабылды. Сондықтан құзырлы органдар алыс сапарға шықпауды ескертеді. Ал синоптиктер мұндай қолайсыз ауа райы бүгін кешке дейін жалғасып, оның соңы аязға ұласатынын айтады.  

Даниел Жұмажанов, «Қазгидромет» АҚ облыстық филиалының бөлім жетекшісі:

- Алдағы үш тәулікте Салехат аймағынан келген антициклонның енуіне байланысты Ақмола облысында ауа температурасының төмендеуін байқаймыз. Ол түнгі уақыттарда 27-32, кей жерлерде 35 градусқа дейін аязға дейін төмендесе, күндіз 20-25, кей жерлерде 30 градус аязға дейін төмендейді.