Қостанай облысында тәркіленген 23 тонна дизель отыны мемлекет кірісіне айналдырылды

Қостанай облысында 23 мың литр жанар-жағармай материалдарын тасымалдау фактісінің жолы кесілді.

ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің Қостанай облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері «BARRELL» ЖАШ аясында облыс аумағында тиісті ілеспе құжаттарсыз жалпы көлемі 23 мың литр болатын жанар-жағармай материалдарын заңсыз сатып алу және тасымалдау дерегінің жолын кесті.

ҚР ҚМ ҚМК баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған факт бойынша ҚР ҚК-нің 197-бабының 3-б. бойынша қылмыстық іс қозғалды. Мамандардың қорытындысына сәйкес келтірілген шығын 4,3 млн теңгені құрады.

Қостанай қаласының №2 сотының үкімімен іс бойынша сотталушы кінәлі деп танылып, оған 1 жыл 6 ай бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Тәркіленген 23 тонна дизель отыны мемлекет кірісіне айналдырылды.