Ақкөл ауылының тұрғындары жол жөндеуге кірісті

Қостанай облысы Ақкөл ауылының тұрғындары зақымданған инфрақұрылымдық желілерді өз күшімен жөндеп жатыр.

Жүз шақырым жолды су шайып, наурыз айының соңынан бері Ақкөл мен Ахмет Байтұрсынов ауылдарына қатынас үзілді. Барыс-келісті жандандыру үшін тұрғындар трассаны топырақпен жамап-жасқауға кірісті. Әр отбасыдан ауыр техникаға қажетті жанар-жағармай мен инертті материалдар жиналды. Бір апта ішінде 80 шақырым жол бөлігі жүруге жарамды болды. Енді қалған 27 шақырымдайын қалыпқа келтіруге ауылдықтардың шамасы жетпейді. Аудан орталығынан көмек керек. Әкімдіктегілер болса судың беті қайтқасын барып қол ұшын соза аламыз дейді. Өйткені Торғай өзенінің әлі екпіні қатты. Азық-түлік, су және медициналық препараттар аптасына бір рет тікұшақпен жеткізіліп тұрады.