Маңғыстау облысында соңғы 30 жылда алғаш рет төртем дүниеге келді

Маңғыстау облысында соңғы 30 жылда алғаш рет төртем дүниеге келді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нәрестелерді бүгін Ақтаудағы Ана мен бала орталығының ұжымы салтанатты түрде үйлеріне шығарып салды. Расул, Фанара, Айла мен Нарин есімді төртем – Самира Гасанованың тұңғыштары. 1 ұл мен 3 қызды дүниеге әкелген 25 жастағы келіншек көп балалы ана атанды. Жүктілік кезеңі ауыр болғандықтан, дәрігерлер әйелді жүктіліктің 30-шы аптасында кесір тілігі арқылы босандырып алған. Операция желтоқсанның 15-інде жасалғанды. Шақалақтар ширағанша 36 күн перинаталдық орталық дәрігерлерінің жіті бақылауында болды. Әрқайсысы 1 келі 190 грамм болып туған сәбилер салмақ қосқан. «Ана мен балалардың денсаулығы жақсы», - дейді дәрігерлер. Былтыр облыстық Ана мен бала орталығында 2 үшем мен 147 егіз және бір төртем дүниеге келіпті. Маңғыстау облысы бала туу көрсеткішінен республика бойынша соңғы үш жыл бойы көш басында тұр. Былтыр аймақта 21 753 бала жарық дүние есігін ашыпты.

Самира Гасанова, жас босанған ана:

- Қуанышымды жасыра алмай тұрмын. Ата-анамыздың төбесі көкке жеткендей болды. Балаларымның аман-есен жарық дүниеге келуіне себепші болған дәрігерлерге отбасымның атынан алғысымды білдіремін.

Тойдық Жұмағамбетова, облыстық перинаталдық орталығының дәрігер-неанотологы:

- Өткен жылдың көрсеткіші бойынша біздің орталығымызда 8610 бала дүниеге келген. Олардан 2 үшем, 147 егіздер босанған. Осы жолы желтоқсанның 15-інде төртем дүниеге келді. Бұл 30 жылдың ішінде алғашқы рет болып тұр. Біздің орталығымызда ана мен бала үшін бүкіл жағдай қолға алынған. Өте жақсы мамандарымыз мамандандырылған. Мамандарымыз үнемі оқып отырады.