Қостанай облысында аңшылық туризм дамымай тұр

Үш жыл бұрын Қостанай облысында аңшылық-олжалық туризмді дамыту жобасы қолға алынған болатын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда ол әлі күнге күткендегідей нәтиже бере қойған жоқ. Қостанай облысында жүзге жуық аңшылық шаруашылығы бар. Соларда былтыр 40 шақты шетелдік туристер болып қайтқан. Бұл өткен кезеңмен салыстырғанда біршама аз. Жалпы Тобыл-Торғай өңірінде аңшылық құруды қалайтындар аз емес. Олардың көбі әсіресе сібір елігін нысанаға алуға құмар. Бірақ шетелдік туристер үшін тұяқты түз тағысы тым қымбатқа түседі. Атып алған бір елік үшін төлейтін салық 100 мың тенгеден артық. Ал Ресейдің таяу өңірлерінде бұл төлем небәрі – 2,5-3 мың тенге. Сондықтан қостанайлық аңшылық шаруашылықтарына көрші елмен бәсекеге түсу әсте қиын.

Анатолий Коваленко, облыстық аңшылар және балықшылар қоғамдық ұйымының төрағасы:

– Өзіміздің жергілікті аңшылар да еліктің бір басы үшін Ресейге қарағанда 4 есе көп салық төлейді. Ал бізге келген шетелдіктер 40 есе көп ақша шығаруға мәжбүр. Аңшылық туризмнен ғана мемлекеттік қазынаға жылына 25-30 миллион тенге ақша түсіреміз. Соншама салық төлемесек, инфрақұрылымды дамытып, көлік алып, көрсететін қызмет түрлерін кеңейтуге болар еді.