Алматыда 350 жас тиесілі пәтерлерін ала алмай жүр

Жалға беру бағдарламасы бойынша қараша айында конкурстан өткен олар екі айдан бері қалалық тұрғын үй саясаты басқармасының табалдырығын тоздырған.

Бағдарлама тәртібі бойынша конкурс жеңімпаздарының тізімі шыққан соң 15 күн ішінде келісімшарт жасалып, пәтер кілті табысталуы тиіс. Алайда жастар жауапты мекеме мамандарынан мардымды жауап ала алмай жүр. 

Тиесілі пәтерінің жайын сұраған жастардың қалалық Тұрғын үй саясаты басқармасына бұл бірінші рет келуі емес. Талай рет келіп, күзет қызметінен ары арызын жеткізе алмай, тауы шағылған олар үй аламыз деген үмітіміз бос сергелдең болып шықты дейді. Біразы тізімге ілінген соң желтоқсанның басында-ақ жалдап отырған пәтерлерін өзкізіп жіберген. Енді қайта пәтер табу да оңай емес.

Айдана Шарғынова, қала тұрғыны:

– 350-дің тізіміне іліндік. 15 күннен кейін айтамыз деді. 15 күннен кейін өзіміз хабарласқанда жаңа жылдан кейін дайын болады деді. Енді хабарлассақ, өткізіп қойдық, солар жауап береді, біз ешқандай жауапты емеспіз деді. Ешкім жауап бермейді.

Шаттық Зиноладинқызы, қала тұрғыны:

– Жаңа жылға дейін берілетін шығар дедік, оған дейін берілуі мүмкін деді, онда бастықтарыңызды шақырыңыздар дедік, ешкім келмеді, ешкім жауап бермеді.

Бұл жолы да жауапты өкілдердің жауабын есту оңай болмады. Кіреберісте көрсетілген нөмірлерге байланысу мүмкін емес. Топталған жастың талап етуімен тілдесуге мүмкіндік туды.

Елжас Байкен, қалалық тұрғын үй саясаты басқармасының бас маманы:

– Үш жылдық – 2019, 2020, 2021 жылдар бізде жоспар болған. Әр жылда біздің жоспар болады. 2019 жылы 1050 пәтер берілді. 2020 жылы 350 пәтер беру керек болатынбыз. Құрылыс жұмыстары бітпеген себептен ұзақ созылып кетті. 2021 жылы 1050 пәтер беріледі. Ол жерде құрылыс әлі жүргізіліп жатыр.

Тұрғын үй саясаты басқармасының мамандары жастарды дайын тұрған үй жоқ деп шығарып салды. Ал жастарға берілуі керек Наурызбай ауданында салынып жатқан үйдің құрылысына жауапты мердігер компания өкілдері әкімдік пәрмен берсе, біз дайынбыз дейді.

Мәселе қағазбастылықта екен. Жайлы қалалық орта басқармасы пәтерлер желтоқсан айында дайын болған дейді. Енді құжаттық рәсімдеулер кешіктіріліп жатыр.

Олжас Тәжібаев, қалалық жайлы орта басқармасы басшысының орынбасары м.а:

– Желтоқсан айында үйлерді бітірдік. Енді үйдің техникалық құжаттарын жасаудамыз. Ол 20 күнге созылады. Одан кейін әр пәтердің техникалық құжаттарын әзірлейміз. Оған 15 күн кетеді. Осы жұмыстар үйді тапсыру уақытын ұзартып жіберді. Наурыз айының соңында пәтер иелері кілттерін алады.

Үйден үмітті жастар тағы екі ай пәтерлерін тек сырттан қарап, тамашалауға мәжбүр. Айта кетейік, өткен жылы сатып алу құқығынсыз жалға берілетін пәтер алуға Алматы қаласының 29 жасқа дейінгі тұрғындарынан 1776 өтініш түскен. Олардың 350-і ғана конкурстан өткен.

Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон