Павлодар облысында алғашқы кезекте 1125 адамға вакцина салынады

Вакциналау науқанының алғашқы кезеңінде Павлодар облысында 1125 адамға екпе салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алдымен провизорлық госпитальда жұмыс істейтін дәрігерлер, медбикелер мен орта буын медицина өкілдері егіледі. Бүгінде емханалардың ішінен арнайы кабинеттер жабдықталып, жаңа вакцинаны егетін мамандар арнайы дайындық курсынан өтті.

Медицина қызметкерлері мекенжайлары бойынша тіркеуде тұрған емханаларға шақырылады. Бірінші кезекте 1125 адамға вакцина егу көзделген. Олар – науқастармен тікелей жұмыс істейтін және ауру жұқтырып алу тәуекелі жоғары кәсіп иелері. Қазір вакциналау науқанын өткізудің алгоритмі жасалып жатыр. Бұл мәжбүрлі шара емес. Сондықтан коронавирусқа қарсы екпе адамдардың қалауымен, ерікті түрде жасалады.

Айдар Сейітқазинов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Бұл ұсыныс түрінде жасалып отырған тәжірибе. Адамдар екпе егуге келісім беруі керек. Егер бас тартып жатса, оны жазбаша түрде көрсете алады. Бірінші кезекте медицина қызметкерлері мен педагогтарға вакцина салынады. Бірақ адамдардың еркімен жасалады.

Вакциналауды жүргізетін медицина қызметкерлері арнайы дайындықтан өтті. Солардың бірі – ұзақ жылдар бойы №5 қалалық ауруханада екпе егумен айналысып келе жатқан Светлана Шилина. Білікті маман COVID-19 бойынша ақпараттарға қанық болған.

Светлана Шилина, жоғарғы санатты медбике:

- Бізге келмес бұрын екпе салдыратын адам терапевт кабинетінен өтуі керек. Вакцина жасайтын кабинетке денсаулығын тексертіп барып кіреді. Одан кейін жарты сағат дәрігердің бақылауында болады.

Вакцина арнайы қоймаларда сақталады. Ол үшін алдын ала тоңазытқыш камералар сатып алынған. Ал медициналық мекемелерге бекітілген тәртіпке сай тасымалданады.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- COVID-19-ға қарсы вакцинаны сақтаудың өзіндік ереже-талаптары бар. Мәселен қоймалардан жеткізу кезінде мынандай термоконтейнерлер қолданылады. Мұндағы температура -18 градус болуы шарт екен. Оны осындай элементтер қамтамасыз етеді. Қазір мұндай тоңазытқыш сөмкелер барлық емдеу мекемелеріне таратылып жатыр.

Дәрігерлерден кейін вакцинаны құқық қорғау органдары мен күштік құрылым қызметкерлері мен мұғалімдерге салу көзделген. Одан кейінгі кезекте мемлекеттік қызметшілер тұр. Содан соң тұрғындарға салына бастайды. Әзірге Павлодар облысы Ресейде шығарылған вакцинаның 80 мың мөлшерін алған. Қазақстандық вакцина сынақтан өтіп жатыр.

Айта кету керек, коронавирусқа қарсы екпе тегін жасалады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Сондай-ақ...