Алматы қаласы толығымен цифрлық эфирлік хабар тарату қызметіне көшті

Бүгін Алматы қаласы толығымен цифрлық эфирлік хабар тарату қызметіне көшті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді қала тұрғындары 30-ға жуық телеарнаның өнімін сапалы форматта көре алады.

Көрерменнің көкжәшігіне дөңгеленген дүниені сыйғызып отырған аналогтық жүйе бүгін ресми түрде өшіріліп, хабар тарату сандық жүйеге көшті. Ең басты артықшылық – сапалы бейне мен дыбыс.

Айта кетейік, елімізде цифрлық телевизия 2012 жылы 3 шілдеде Тұңғыш Президенттің қатысуымен өткен «Индустриализация күні» шарасы аясында  іске қосылған болатын. Алдымен Алматы, Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Жезқазған, Жаңаөзен қалаларының тұрғындары сапалы хабар таратудың игілігін көрді. Бүгінгі таңда цифрлық эфирлік телехабар тарату желісі барлық облыс орталықтарында қолжетімді.

Қайсар Раздыков, «Қазтелерадио» АҚ Алматы облыстық Телерадио хабарларын тарату дирекциясының директоры:

– Бұрынғы уақытта ауылдық жерде аналогтық эфирлік телевизияда олар тек 2-3 арна ғана көре алатын. Қазіргі уақытты цифрлық эфирлік хабарларға көшірілген. Олар 15 телеарнаға дейін көруге мүмкіндіктері бар. Дәл солай облыс орталықтарында бұрын 10 телеарна көретін болса, бүгінгі уақытта олар 30 телеарнаға дейін көре алады. Дыбысы мен сапасы өте жоғары.

Телевизия сигналын цифрлық форматқа ауыстыру «Көктөбе» телемұнарасында іске асты. Ұзындығы 400-метрге жуық, ең биік, әрі сейсмотұрақты мұнара әлемдік рейтингте 14-ші орында. Қазір мұнда Қазақстан бойынша телерадиохабар тарату желісін бақылау және мониторингтеу орталығы орналасқан. Бұл жүйедегі техникалық ақауларды тез арада реттеуге мүмкіндік береді. Ал сапалы хабар тарату жүйесіне қосылу үшін цифрлық қабылдағыш болса жеткілікті.

Асқар Нұрымжанов, «Қазтелерадио» АҚ басқарма төрағасы:

– Көрермендер приставка сатып алуы керек, олар дициметрлік антеннаға қосылып, оны үйдегі телевизорға қосып, цифрлы телевизияны көре алады. Аналогтық жүйе енді 1 айдай бірге қатар жүреді. Сосын 1 айдан кейін толығымен өшіріледі. Аналогтық жүйеге кейібір үлгере алмаған кісілер солардың сигналын қарап, сосын өшіріледі.

Ел аймақтарында қазір сандық хабар тарататын 546 радио-телевизиялық станса жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін олардың санын 827-ге жеткізу жоспарланған. Бұл цифрлық хабар тарату желісімен елімізді 95 пайызға қамтуға мүмкіндік береді. Сандық хабар таратуға көшіру жобасы 2022 жылы аяқталады.

Авторлар: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев, Эдуард Кон