Жамбыл облысы Талас ауданындағы көпір құлаудың алдында тұр

Салдарынан көлік апаты жиілеп, Талас пен Жамбыл аудандарының арасында қатынау қиындаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір өткел опырылып құлаудың алдында тұр. Жергілікті жұрт мәселені сан алуан рет көтерсе де, шешілетін түрі жоқ. Тұрғындар аудандық әкімдік қызметкерлері құрғақ уәдемен шектелетінін айтады.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

– Бұл Жамбыл мен Талас ауданын байланыстырып тұрған жалғыз көпір. Осы төңіректегі бірнеше ауылдың жүздеген тұрғыны сүті мен айранын, ірімшігі мен майын Қаратау қаласына апарып сатып күнелтіп отыр. Көктемде мына Аса өзені тасыса көпірді су шайып кету қаупі бар. Олай болған жағдайда арадағы барыс-келіс үзіледі. Қазірдің өзінде көріп тұрғандарыңыздай, көпірдің бағандары жарылып, бетондары апатты жағдайда тұр.

Бұл жыр болған көпір Ерназар мен Қойгелді бағытындағы жолдағы Аса өзенінің үстінен салынған. Жергілікті тұрғындар проблеманы жылда көтереді. Еріккеннен емес, күні қарап мұқтаж болған соң шырылдайды. Жұрт мәселені айта-айта мез болған. Істеледі деген бос уәдеден кейін әкімдіктегілерге сенуден қалдық дейді олар. 

Нұрахан Асанов, ауыл тұрғыны:

– Түгел жарық қой. Арматураға дейін шығып кеткен. Жақында арғы жағы отырды.  Осыны істейміз деп әкімге де, жол істейтіндерге де бардық. Істелген жоқ қой. Асфальт та төсеген жоқ. Сол бойы қалды. Әр жерді жамап-жамап кеткен. Қалғаны қайда кетті?

Гауһарбек Шонтаев, ауыл тұрғыны:

– Жақындап көрсеңдер, шұңқыр боп кеткен. Сол шұңқырдан су өтіп жатыр. Мына жол құлап жатыр. Қазір қарап тұрсаңыздар, талай көлік түсіп кетті. Енді мынадай су келіп тұратын болса, биыл жазға жетпейді-ау.

Жарты ғасырдай уақыт бұрын салынған өткел бірде бір рет жөнделмеген. Тек бірнеше жыл бұрын тексеріліп көпір апатты деп танылған. Жүк көліктеріне жүруге тыйым да салынған. Алайда жол бойында қауіпті аймақ екендігін көрсететін бірде бір сақтандыру жол белгісі орнатылмаған. Міне, мына суретті тұрғындар түсіріп алған. Жеңіл көлік жуырда ғана дәл осы жерде аударылып кеткен. Аудан әкімі сонда да көпір жүріп-тұруға әлі де болса жарамды деп санайды. 

Бақыт Қазанбасов, Талас ауданының әкімі:

– Апатты жағдай болғанда астындағы оның бағандары жақсы. Бірақ үлкен көлік өтуге тыйым салғанбыз. Жүруге болмайды деген белгілер жайлы айта алмаймын. Бұл жақпен негізі көп транспорт та жүрмейді. Көктемгі, күзгі уақыттарда, жаз айларында жүреді. Жаз айларында Билікөлдегі судың деңгейі төмендегеннен кейін астында айналмалы өтетін жері бар. Көбісі қорыққандықтан төменгі жағымен жүреді.

Әкімнің айтуынша бұл өткелмен ауыл тұрғындары тек жаз бен күзде ғана жүреді. Сонда көктем, қыс айларында жұрт қай жолмен жүреді? Айта кету керек, көпір мәселесі Қаратау қаласында да бар. Аудан орталығында айналмалы 7 көпірдің де тозығы жеткен. Қазір жарылып мынадай күйде тұр.

Бақыт Қазанбасов, Талас ауданының әкімі:

– Биыл шешіледі деп айта алмаймын. Өйткені биылғы жылы қауіп төніп тұр деп айтуға болмайды. Сараптамадан өткізіп, облысқа ұсынғаннан кейін облыс оны республикаға ұсынады.

Аса өзеніндегі көпірдің де жөнделу, жөнделмеуі екі талай. Әйтеуір құны 200 миллион теңгеге жуықтайтын аспалы өткел салынады деген жоспар бар. Бірақ ол қашан? Қай кезде жүзеге асады? Белгісіз.

Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә