Елорда тұрғыны цех ішінен бос сейф ұрлаған

Жиһаз жасайтын цех әкімшісі ұрлық фактісі бойынша полицияға жүгінген.

Нұр-Сұлтан қ. ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, белгісіз адам кілтті іріктеу жолымен цехтың үй-жайына кіріп, бағасы 50 мың теңге тұратын сейфті жымқырған. Жәбірленушінің айтуынша, ұрланған сейфтің ішінде ақшалай қаражат болмаған. Онда тек қана құжаттар болған.

Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктіні ұстап, анықтады. Ол бұрын сотты болған 32 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Ұсталған адамның айтуынша, ол цехқа кіріп, сейфтің ішінде ақша бар деген үмітпен сейфті жымқырған. Алайда үйіне келіп ашқан кезде оның ішінде түк те болмағанын анықтаған.

Полиция қызметкерлері сейфті тәркілеп, иесіне қайтарды.

Ұрлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Ұсталған адамның бұрын елорда аумағында жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.

Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті азаматтардан қырағылық танытуын, бағалы заттарын қараусыз қалдырмауын сұрайды және шағын және орта бизнес объектілерінде күзет дабылдарын орнатуды ұсынады.