Көкшетауда бүтін бір шағын аудан көгілдір отын азабын тартып отыр

Олар орталықтандырылған газ тарату қондырғысына қосылған баспаналар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғындар қызмет ақысын уақтылы төлесек те, жағдай оңалар емес дейді.

Ескендіровтер отбасының қыстан бері көрген күні осы. Жігіт ағасы бүгін де гараждағы ескі плитаны қайта шығарды. Себебі үйде газ жоқ. Бұған дейін электр энергиясын пайдаланған. Алайда айдың соңында келетін түбіртектегі соманы ойлаудың өзі қорқынышты дейді.

Жақсыгелді Ескендіров, қала тұрғыны:

– Айына 7-8 мың төлейміз. Газ плита әкелдім, енді баллон алу керек. Былтырдан бері осылай, бір бар, бір жоқ.

Бұл тек бір шаңырақтың басындағы жағдай емес. «Көктем» ықшам ауданындағы бірнеше тұрғын үй газдан ажыратылған.Тұрғындардың дені қызмет ақысын уақтылы төлеп келеміз деп мұңын шақты. Ал мәселенің себебін білмекке мекемеге талай хабарласқанымен жарытымды жауап ала алмаған.

Есілгүл Болатхан, қала тұрғыны:

– Біз тұрақты түрде төлейміз. Өздері келіп алып кетеді, айлық соңында 1600-1700 теңге шығарамыз. Бізге бір апта бұрын келді, нақты жауаптары жоқ, квитанцияны көрсеттік, ештеңе айтқан жоқ.

Галина Ефремова, зейнеткер:

– Балаларым дайын тамақ әкеп береді. Газ болмағандықтан, өзім пісіре алмаймын. Жағдай қиын. Контролер келіп, «Газ қызмет» басшысымен сөйлескенін айтты. Сенбі күні сырттағы газгольдерді толтырып кеткен. 240 келі дейді. Бірақ ол кімге жетеді? Пәтерде бір адам тұратын болса ештеңе емес, бала-шағасы барларға қиын. Қайтіп тамақ ішеді?

«Газ қызмет» жұмысына көңілі толмаған тұрғындар басқа компанияға ауысуға өтініш жазған. Бірақ одан да нәтиже жоқ. Сондықтан қауіпті болса да, газ баллонын қолдануға мәжбүрміз дейді.

Галина Курганская, қала тұрғыны:

– Газ баллоны қауіпті екенін білеміз, бірақ басқа шара жоқ. Қайғылы жағдайлар болып жатыр, естіп, көріп жүрміз. Өз өміріміз үшін алаңдаймыз.

Тұрғындар шағымын арқалап «Газ қызмет» серіктестігіне бардық. Алайда ол жерде бізді ешкім күтпегені анық. Табалдырықты аттаған бойда бізге түсірілім жасуға тыйым салды.

Әкімдік сөзіне сүйенсек, бар гәп – тұтынушылардың берешек болуында. Қазір мұндай 650 пәтер бар. Қарыз сомасы 2.5 млн теңгедан асып кеткен. Яғни ақы төленсе ғана, газ берілмек. Екі ортада бір тиынын да қалдырмай, түгел санап бергендер зардап шегіп отыр. Мұндай жағдай жылда қайталанады. Сондықтан көкшеліктер серіктестіктің жұмысы бақылауға алынса деп сұрайды.

Назерке Тоқжан, Евгений Шынкоренко