Иммун тапшылығы вирусын жұқтырғандарға коронавирусқа қарсы егілуге бола ма?

Иммун тапшылығы вирусын жұқтырғандарға коронавирусқа қарсы егілуге болады.

Бұл туралы денсаулық сақтау мекемелері мен медицина ғылымдарының докторларымен өткен брифингте айтылды. «Спутник V» вакцинасын салдырған 2 млн ресейліктің арасында иммун тапшылығы вирусын жұқтырғандар да бар. Осыған сүйене отырып, қазақстандық дәрігерлер бұл санаттағы азаматтарға COVID-19-ға қарсы вакцинадан еш қауіптенбеуге болатынын жеткізді. Сонымен қатар екпенің бедеулікке әкелетінін жоққа шығарды.

Ләззат Ералиева. Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы директорының орынбасары:

- Вакцинаны жаппай ектірместен бұрын оны зертханада түрлі сынақтан өткізеді. Жануарларға тестілегені жөнінде де талай айтылған. Бедеулікке әкеп соқтыру қаупі қашан да тексеріледі. Бұл міндетті сынақтың бірі. Ол жіті зерттеледі. «Спутик V», QazCovidIn және өзге де вакциналар адамның репродуктивті денсаулығына ешқандай әсерін тигізбейді.

Брифингте мәлім болғандай, коронавирусқа қарсы екпе паспортын ешкім саудалай алмайды. Өйткені COVID-19-ға қарсы вакцина егілгені туралы ақпар жабық мәліметтер қорына енгізіледі. Сәйкесінше, электронды паспорт тек сол жүйеде сақталады. Ел арасында коронавируспен ауырғандарға вакцина салдыру міндет емес деген пікір қалыптасқан. Мамандар бұл пікірдің де жаңсақ екенін айтады.

Ләззат Ералиева, Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы директорының орынбасарпы:

- Адам коронавируспен ауырып шыққан соң вирусқа қарсы иммунитет халықаралық зерттеу қорытындысына сәйкес 5-6 ай ғана сақталады. Сол себепті, адамдарға бәрібір вакцина алған дұрыс болар еді. Өйткені ауырып шыққаннан кейінгі иммундық қарсылық тұрақты емес. Мүмкін вакциналардың дозасына қатысты мәселе қайта қаралады. Сондықтан адамдарға қайта егілуге тура келуі мүмкін. Мысалы үшінші дозаны алуы мүмкін. Қазір клиникалық сынақтар әлі жалғасып жатыр. Жаңа мәліметтер түсіп жатады. Әзірге вакцинаның екі дозасын егу қарастырылған.