Instagram-да Денсаулық сақтау министрлігінің жалған парақшасы ашылған

Instagram әлеуметтік желісінде @minzdrav_rkz деп аталатын пайдаланушы тіркелген.

Ол парақшада ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жұмысы туралы қысқаша жазбалар жарияланған. Алайда, министрліктің өзі бұл аккаунттың ведомствоға ешқандай қатысы жоқ екенін хабарлады, деп жазды stopfake.kz.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Instagram-да бір ғана ресми парақшасы бар – @healthcare.gov.kz.

«@Minzdrav_rkz парақшасы – ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің парақшасы емес. Бұл аккаунт бір ғана қолданушыға @doctor_gereeva_ жазылған, сондықтан аккаунтты жасаушы сол адам деп болжауға болады», – делінген ведомство хабарламасында.

Жалпы, жалған парақшада 26 жарияланым бар. Олардың барлығы бір күні 2017 жылғы 15 тамызда жарияланған. Аккаунтқа оған дейін де, одан кейін де бірде-бір хабарлама орналастырылмаған. Алайда Instagram қолданушылары министрлікке жүгінгенде немесе денсаулық сақтау жүйесі жұмысына қатысты шағымдарда осы парақшаны белгілеуді жалғастыруда.

Мемлекеттік органның Instagram-да бұдан басқа да жалған аккаунттары бар.