Павлодарлық шаруалар сүт бағасының төмендеуіне наразы

Павлодар облысында сүт нарығынан жік шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Успенка ауданындағы Константиновка ауылының тұрғындары бұрын сүттің литрін 145, кейін 135 теңгеден өткізіп келген. Енді бұл баға 100 теңгеге дейін түсіп кеткен. Қабылдаушы тарап мұны өнім сапасының төмендеп кеткенімен байланыстырса, тұрғындар сүт зауыттары өзара сөз байласу арқылы табиғи өнімді құнсыздандырып отыр деген ойда.

Сергей Муршельдің отбасы жиырма жыл бойы сүт тапсырып күн көріп келеді. Қазір сиырларының саны 30-ға жеткен. Оның 19-ын сауып отыр. Құрама жемге бір жылда 600-700 мың, шөпке 1,5 миллион теңге жұмсайды екен.

Сергей Муршель, жеке кәсіпкер:

– Шығынға бататын түріміз бар. Себебі мал өзін өзі ақтамайды. Біз жаз айларында 350 -400 литрге дейін сүт тапсырамыз. Бәрі көңілімізден шығатын. Енді міне, зауыт бағаны төмендетіп жіберді.

Сүт өңдеу зауытының директоры Виталий Михайлов сүттің монолитті және құрамалы деп екіге бөлетінін айтады. Біріншісі фермерлік шаруашылықтардан алынатын сапалы өнім. Құнарына қарай бір литрі 160 теңгеге дейін барса, жекеменшіктен алынатын құрамалы сүттің құны арзан бағаланады екен.

Виталий Михайлов, сүт өңдеу зауытының директоры:

– Сүттің құрамында судың мөлшері көп. Фальсификат, кір, антибиотик кездеседі. Біз жиындарда сүттің сапасын көтеруге қатысты мәселені үнемі көтеріп келеміз. Тіпті фермерлік сүттің бағасымен бірдей етіп, тұрғындарды ынталандырып та көрдік.

Кәсіпорын өткен жылы пилоттық жоба негізінде Константиновка ауылында сүттің бағасын фермерлік шаруашылықтардан алынатын өнімнің құнына жақындатыпты. Олардың айтуларына қарағанда, жоба нәтиже бермеген.

Виталий Михайлов, сүт өңдеу зауытының директоры:

– Бастапқыда сүттің бағасы жоғары болды. Біз сапасына қарай қымбат төлеуге дайын едік. Төлеп те көрдік. Бірақ ойлағандай нәтиже шықпады. Өнім сапасын арттырып, көлемін ұлғайту үшін процентсіз несие де бермек болдық. Бірақ сапаға қол жеткізе алмадық. Сондықтан сатып алу құнын орташа деңгейге жеткіздік. Бар болғаны осы.

Кәсіпкерлер болса, мұнымен келіспей отыр. Олар сүт өңдеу зауыттары сапаны желеу етіп, табиғи өнімді қасақана құнсыздандырып отыр деп күдіктенеді.   

Сейітжан Шығанбаев, жеке кәсіпкер:

– 150 теңгеден алып жатқан сүтті бүгін 100 теңгеден тапсырасыңдар дейді. Енді кеше үш зауыт өзара келісіп алдық, енді сүт осындай бағада болады дейді. Бүкіл облыс бойынша сүттің бағасын түсіріп тастаған. Етті бізден келіп мың теңгеден алып кетеді де, қаладағы базарда оны 1,5-2 мың, 3 мың теңгеден сатады. Сонда біздің еңбек қашан бағаланады?

Серік Қабиев, жеке кәсіпкер:

– Осы келіп тұрған адамдардың бәрінде сельхоз несие бар. Өзім де осыдан үш жыл бұрын дамуға байланысты 4 миллион несиеге 15 бас сиыр алып сауып отырған жағдайымыз бар. Ал үкіметтің пайызы ғана аз. Біз жыл сайын оның 700 мыңын төлеуіміз керек.

Қыс мезгілінде бұл ауылдан 2,5 ай жазда 11 тоннадай сүт қалаға жөнелтіледі екен. Сүт қабылдау пункттері немесе сүт өңдеу кәсіпорындарының басшылары сүттің бағасын біресе көтеріп, біресе төмендетіп отырғаны жұртшылықтың түсініспеушілігін тудырып отыр. Себебі бір литр сүттің бағасы газдалмаған бір литр судың да құнынан төмендеп кеткен.

Бүгінде жергілікті сүт зауыттары майлылығы 2,5% сүттің бір литрін 192 мен 215 теңге аралығында сатып жатыр. Бұл - меморандум негізінде бекітілген және жылдың аяғына дейін өзгермейтін баға. Сол себепті ұсақ шаруашылық иелерін өңделмеген 100% табиғи сүтті неліктен екі есе төмен бағамен өткізуіміз тиіс деген сауал алаңдатып отыр. Оның үстіне сүттің сапасын тексеретін арнайы зертханалар бар. Өнім заманауи кешендерде салқындатылады.

Төлеген Көшербаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

– Жеке аулалардан жиналатын сүтпен 63 дайындау қосыны айналысады. Оларда жалпы сыйымдылығы 163 тонна болатын 90 сүт салқындатқыш орнатылған. Ағымдағы жылдың қаңтар айында 17,5 мың тонны сүт өндірілді. Облыстың өңдеу кәсіпорындары өңдеген 10,4 мың тонна сүттің 2,4 мың тоннасы ұйымдасқан шаруашылықтарға келеді.

Соңғы екі күнде бір литр сүттің бағасы 90 теңгеге түсіпті. Успенка ауданындағы фермерлік шаруашылықтар мал басын жаппай қысқартуға бекінген. Олар әзірге сүт тапсырудан бас тартып отыр.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат