Шымкентте ағзасын ауыстырған науқастарға аса қажет дәрі-дәрмек тапшы

«Сандиммун неорал» атты дәріні денсаулық сақтау министрлігі биылғы сатып алу тізіміне енгізбепті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл препарат ағзаға салынған жаңа мүше иммунитетін дұрыс қалыптастыруға ықпал етеді. Оны науқас өмір бойы пайдалануы тиіс. Енді осы препараттың болмауы салдарынан мамандар баламалы дәрі ұсынып отыр. Бірақ ол негізгі дәріні алмастыра алмайды деп қорқады науқастар.

Министрлік ұсынып отырған препарат бұрынғы дәріні алмастыра алмайды. Себебі, ауыстырылған бауыр, бүйрек секілді дене мүшелерінің ағзаға сіңісіп кету үшін осы дәрінің көмегі зор. Тек оны жоғарыда отырған шенділер жиі ұмытып кететін сыңайлы.

Август-Асқар Қарабеков, қаласының тұрғыны:

– Бізге ұсынып отырған дәрінің көмегі жоқ. Сол себепті оны алудан бас тартамыз. Туыстарымыз бізге екінші өмір сыйлап, денесінен мүше бөліп беріп отыр. Енді осы мүмкіндікті денсаулық сақтау мекемелеріндегі салғырттыққа бола жоғалта алмаймыз.

Министрліктің қазіргі ұсынып отырған дәрісінің сапасы сын көтермейді. Өкініштісі сол, бұл көп жылдан бері қайталанып келеді екен. Салдарынан кейбір пациенттердің ажал аузынан қалған жағдайлары да тіркеліпті. Бүгін ашынған жұрттың алдына шыққан Шымқаланың бас дәрігері мардымды ешнәрсе айта алмады.

Амалы таусылған науқастар бұрынғы қалған дәрі қорларын пайдаланып келеді. Бірақ оның қашанға жетері белгісіз. Заң бойынша дене мүшесін ауыстырған адамның барлық шығынын мемлекет көтеріп алуы тиіс. Ал Шымқалада жағдай мүлде керісінше болып отыр.

Бақытжан Позилов, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Қазір міне, проблема болып отыр. Осыған байланысты «СК Фармация» компаниясы қазіргі таңда дереу осы препаратты сатып алуға іс әрекеттер жасап жатыр. Біз де облыстық денсаулық сақтау басқармасы қадағалап отырмыз. Күнделікті хат алмасып отырмыз. Қоңырау шалып сұрап отырмыз. Және науқастармен бүгін кездестік. Тығыз қатынаста жұмыс істейміз.

Бұл проблема еліміз бойынша етек алып барады. Тек Шымкенттің өзінде ағзасына жаңа мүше орнатқандардың саны 100-ден асады. Олардың әрқайсысына ерекше күтім мен дәрі дәрмек керек. Ал ол препараттың бағасы 50 мыңгеден асатынын ескерсек, екінің бірінің қол жетпеуі әбден мүмкін. Шымкент қалалық денсаулық басқармасының басшысы қажет дәрі келеді деп сендірді. Бірақ ол наурыз айына қарай мұқтаж жандардың қолына тиетін сыңайлы. Ал әзірге қолда бар дәріні місе тұтудан басқа амал жоқ.

Асланбек Шығыр, Катерина Попкова, Нурмахан Бекмұратов