ШҚО-да қыста сусыз отыратын ауыл бар

Жазда бар, қыста жоқ. Шығыс Қазақстандағы Күршім ауданы Марқакөл ауылындағы ауызсу туралы осылай жұмбақтауға болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғындардың айтуынша, елді мекенге тартылған су құбыры қыста істен шығады. Жұрт сабылып құдық іздеп кетеді. Бұл жағдай кәсіпкерлік нысандарға да кесірін тигізе бастаған. Мәселен, Марқадағы ең ірі наубайхана қазір жабылуға шақ тұр. Өйткені ақ қар, көк мұзда су тасыған тұрғындардың төзімі таусыла бастаған.

Марқакөл ауылын дәмді нанмен қамтамасыз етіп отырған ірі наубайхананың бүгінгі жағдайы осы. Басшысы бар, жұмысшысы бар таң атса болды, флягтап су тасып әуре. Өйткені 300-400 бөлке нанды сусыз илеу мүмкін емес. Оның үстіне ішкі тазалық шаруалары тағы бар.

Ирина Исаченко осында сегіз жыл бойы істеп келе жатыр. Ауылдың бас наубайшысы десе де болады. Қазір қамыр илеу үшін ожаулап су жинап әбігер. Өйткені ас атасына сұраныс көп. Жаз шыққанша көрген күніміз осы дейді еңбекқор әйел.

Ирина Исаченко, наубайхана жұмысшысы:

– Қыс басталысымен осылай қиналып келеміз. Сусыз қалай нан илеуге болады. Краннан су ағып тұрса, біздің жұмысымыз анағұрлым жеңіл жүреді. Ал енді мінеки, ожаулап су құйып, қамырды илеп көріңіз. Қанша рет қайталанса да, бір шешімі жоқ болды.

Наубайхана басшысы ғимарат ішіне суды өз күштерімен тартықызыпты. Сөйтіп қысы-жазы тіршілік нәрінен тарықпаспыз деп ойлаған. Алайда су магисталінің үздіксіз жұмыс істеуі жауатын қарға тәуелді екенін естіп жағасын ұстаған.

Аян Айтқалиев, наубайхана иесі:

– Қар жоқ, содан су қатып қалды дейді, сонда 5-10 жыл қар болмаса осындай қиыншылық көру керекпіз бе? Әкімдік ойлап отырған жоқ біздің қиналатынымызды.

Коммуналдық сала өкілдерінің сөзінше, ауылда 51 колонка орнатылған. 3500 тұрғын бар.Соның 25-30 шақтысы үйлеріне су желісін кіргізіп алған. Құбырдың қыс түссе қатып қалатынын мамандар жоққа шығармады. Өйткені осыдан он шақты жыл бұрын оны салған мердігер компания талапты ескермеген, ал сол кездегі комиссия оны қабылдап ала салған көрінеді.

Балқаш Әбжанов, Күршім аудандық мемлекеттік коммуналдық шаруашылық мекемесінің өкілі:

– Қар болмаған, күзден бері жауғаны осыдан бір екі апта бұрын ғана 1,5 метрге тоң кетіп қалды. Мердігерлер таяз қазып тастағанын байқадық, өте таяз қазылған, 2,2-2,4 метр болуы керек. Олардікі 1.6-1.7 метр ғана. Барлық жер қатып жатыр, су айналымы жоқ.

Магистарльде су айналымы да жасалмаған. Әр жерден тұйықталған құбыр қатпағанда қайтеді? Бұрынғы мердігерді осы олқылықтары үшін жауапқа да тарту мүмкін емес. Мерзімі өтіп кеткен. Енді алдағы жазда аудан-ауыл әкімдігі мәселені түбегейлі шешеміз деген жоспар қойыпты.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов