Ораза ұстаушыларға вакцина салдырған дұрыс па?

Елде қолданылып жатқан коронавирусқа қарсы екпенің құрамы қандай? Халал стандартқа сәйкес келе ме? Бұл қасиетті Рамазан айы қарсаңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына жиі қойылатын сұрақтың бірі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандар әзірге бұған жауап беруге қиналады.

Биыл қасиетті Рамазан айы сәуірдің 14-і басталады. Исі мұсылман қауымы ауыз бекітіп, Ораза ұстайды. Бұл мерзім елде қарқынды жүргізілуі тиіс вакциналау науқанымен тұспа-тұс келеді. 12 айдың сұлтаны басталар тұста Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына хабарласушылар көбейді. Жамағат коронавирусқа қарсы екпенің оразаға қаншалықты әсері барын білгісі келеді.

Мұхамедияр Бөлтірік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі:

– Вакцинация адамға күш-қуат бермейтін, сондай дәрулік мақсатта қолданылмайтын болғандықтан, оразаны бұзбайды. Алайда, аса бір қажеттілік болмаса, вакцинация ерікті болғандықтан Рамазан айынан кейін салдыруға болады.

Ағзаға салынатын екпенің құрамы әлі зерттелмеген. Дәлірек айтқанда, діни басқарма тарапынан тиісті талапқа сәйкестігі анықталмады.

Айта кетейік, қазір елде қолданылып жатқан вакцина – шетелдік. Сондықтан оның құрамын толық зерттеу жауапты министрлікке де қиынға соғып отырған көрінеді.

Мұхамедияр Бөлтірік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі:

– Бұл вакцинацияның халал немесе харам екенін нақты білу үшін министрлікке хат жазған болатынбыз. Ол хатта ешқандай құрамы туралы тексерткен жоқ. Сондықтан халал немесе харам екенін айта алмаймыз. Әрине адам баласы ішкен-жегені халал болғаны абзал, сондықтан нақты айта алмаймыз.

Дегенмен отандық биотехнология саласының өкілдері Ораза ұстаушыларға екпені салдыру қажеттігін ескертеді. «Жұқпалы індеттің ілмегіне ілінбес үшін вакцина алу маңызды» дейді мамандар.

Ерлан Раманқұлов, ұлттық биотехнологиялық орталығының бас директоры:

– Вакцинаны ораза ұстаудың алдында салдырған дұрыс. Оның нәтижесі тұтас ұлт денсаулығына әсер етеді. Сондықтан вакцинаны Рамазан айының соңында емес, алдын ала алған жөн. Қазіргі уақытта адам ағзасына ең қажетті нәрсе осы екпе болып тұр.

Вакциналау елде ерікті түрде жүргізіледі. Денсаулық сақтау министрлігі ел азаматтарына тиісті таңдау жасау мүмкіндігін ұсынады. Дегенмен ораза ұстауға ниет еткендер үшін екпенің құрамын білу маңызды. Бұл ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құзырлы орган тарапынан ресми жауап күтеді.

Рауан Мыңбаев, Ербол Дайыров