Алматы қаласында локдаун жариялануы мүмкін

Алматы қаласында локдаун жариялануы мүмкін

Вирустың өршуіне байланысты алдағы мереке күндері қауіпсіздік шаралары күшейтіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

18 наурыздан бастап елорда аумағында бірқатар шектеу енгізіледі. Бірінші кезекте кинотеатрлар қызметін тоқтатады. Қоғамдық тамақтану орындары кешкі сағат 10-ға дейін жұмыс істейді. Жексенбі күні базарлар, халыққа қызмет көрсету және сауда ойын-сауық орталықтары мен Қазпошта бөлімдері жабылады. Қоғамдық көлік қатынамайды. Сондай-ақ сенбі мен жексенбіде фитнес орталықтар, клубтар, спорттық-сауықтыру нысандары, монша-сауналар мен SPA-орталықтардың жұмысы тоқтайды.

Айта кетейік, елордамен қатар Алматы және Батыс Қазақстан облысы да қазір «қызыл аймақта». Басқа өңірлерге де шектеу шаралары күшейтілсін деген тапсырма берілді. Халық көп жиналатын бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынды.

Ержан Байтанаев, ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі:

– Наурыздың 22,23 және 24-і күндері қоғамдық тамақтану орындары мен сауда ойын сауық орталықтары ашылады. Бірақ олардың жұмыс уақыты қысқарады. Мәселен, мейрамханалар кешкі сағат 10-ға дейін, ал орталықтар 8-ге дейін ашық болады. Азаматтарымыздан Наурыз мейрамын тек отбасымен ғана тойлауды сұраймыз. Қонаққа барып, қоғамдық орындарда жиналмауды ескертеміз. Ал бизнес өкілдері заңды бұзбай, өз тамақтану орындарын уақытылы жабу керек.

Вирус жұқтырғандар саны күн сайын 500-ден асса, Алматы қаласында да локдаун жариялануы мүмкін. Бұл туралы мегаполистің бас санитарлық дәрігері хабарлады. Айта кеткен жөн, онда демалыс күндері қоғамдық көлік пен сауда және ойын-сауық орталықтары әлі күнге дейін жұмыс істемейді.