Өскеменде су тасқынының алдын алу шарасы пысықталды. LIVE

Шығыс Қазақстанда тасқынға қарсы қам күшейді. Құтқарушылар қызыл су жүруі мүмкін аймақтарды аралап қауіпсіздік шараларын пысықтап жатыр.

Жалпы  өңірде тасқын болу қаупі зор 5 аудан анықталған. Облыс орталығы Өскеменнің өзінде де топан су  басуы мүмкін 11 жер бар. Сондықтан  шаһарда алдын алу жұмыстары күн-түн демей жүргізіліп жатыр. Өскеменде биыл қар қалың түсті ме? Жергілікті билік тасқынға тосқын қоюға қаншалықты дайын? 

Эльмира Ахметова, тілші:

- Қазір өңірдегі құтқарушыларды да, жергілікті билікті де алаңдатып тұрған мәселе осы көктемгі су тасқыны болып тұр. Сондықтан  қауіпісіздік шаралары жиі жүргізіліп жатыр. Негізінен мамандар  қалада  қызыл су жүруі мүмкін 11 орынды анықтапты. Соның бірі осы біз тұрған Ахмер кенті.

Жалпы Өскеменде осы уақытқа дейін 146 мың текше метрге жуық қар шығарылған екен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5-2 есе көп. Қар шығарумен қатар қазір қала ішіндегі арықтар мен  өзен арналарын тазалауға ерекше мән беріп жатыр. Әсіресе бұл шаруалар  өзендер мен арыққа таяу Согра және осы Ахмер сынды ықшам ауданында қауырт атқарылуда. Аталған аудандарда арнайы техника күн-түн демей жұмыс істеп жатыр. Тіпті кейбір жағдайда көлік қозғалысына кедергі келтірмеу үшін түнде де, жұмыс істеуге мәжбүр болып жатыр екен. Осылайша түнде 60, күндіз 30 бірлік техника жұмылдырылған. Айтпақшы, өткен жылы күзде 650 миллион 687 мың теңге бөлініп Үлбінің сағасы түзетілген болатын сондықтан сол өзеннің бойындағы қатер біршама сейілд дейді мамандар. Төтенше жағдайлар депертаменті егер қатер төне қалса уақытша дамба жасауға дайынбыз деп отыр. Қалада ол үшін 27 мың қап инертті материал 285 мың текше метр құм, 200 мың текше метр қиыршық тасты құм, 208 тонна жанар-жағармай бар екен.

Құтқарушылардың техникалық мүмкіндіктері қандай? 

- Су тасқыны бола қалған жағдайда қалада 195 бірлік арнайы техника, 63 мотопомпа, 4 өрт сөндіру су тарту станциясы және 26 бірлік жүзу құралдары бар екен. Тіпті эвакуция болған жағдайда 800-ден астам адам сиятын 8 пункт дайындалыпты. Жалпы қалада  топан су басу қатері мол аймақта мыңға жуық тұрғын үй бар, 2 жарым мыңдай тұрғын бар. Мінеки ТЖ басқармасының дайындығы осындай. Енді дайындықта айтылған сан жақсы, ал оның сапасы қандай, оны нақты іс кезінде байқаймыз. Әзірге Өскеменде көктем лебі сезілгенмен әлі күн біршама суық. Қазір -10-12 градус болып тұр. Дегенмен, бұл күн райы аяқ асты өзгеруі ықтимал.