Тараздағы жол құрылысының сапасы сын көтермейді

Тараз қаласының тұрғындары жолдың жайын айтып шағымданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тіпті бірі әлеуметтік желі арқылы балшық басқан көшені көрсетіп, «асфальт төселді» деген ақпар тек қағаз жүзінде орындалғанын айтты. Мұндай келеңсіздіктер былтыр да болған. Сөйтіп, мердігерлер жол құрылысына құрамы күмәнді материалдарды пайдаланатыны белгілі болып отыр.

Қар ерігеннен кейін Тараз қаласының жыртық-жамау жолдары қайта көрінді. Мамандардың айтуынша, бұл мердігердің жауапсыздығы болса керек. Мәселен, осыдан 2 жыл бұрын Қойгелді мөшесіндегі жылу құбыры жөнделген. Содан кейін жол жабындысы әр жерден ғана жамалған. Бірақ жол мамандары асфальттың жоба бойынша салынбағанын және сапасыз материал қолданылғанын анықтапты. Алайда бұл ескертуді жауаптылар елемеген де екен.

Қадыржан Мырзаев, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Жамбыл облысы бойынша инженері:

- Мердігер біздің ескертулерімізді ескерместен аталған материалдарды пайдаланды. Енді нәтижесін көріп тұрмыз. Жол бұзылып жатыр, кейбір жерлеріне тіпті асфальт төселмеген. Бұл іс сотта қаралуда.

Көшеней мен Сыпатай батыр көшелерінің де күйі мәз емес. Бірінде мердігер жұмысты аяқсыз қалдырса, енді бірінде асфальттың астыңғы қабатын нығайту жұмыстары өз деңгейінде жүрмеген. Соның салдарынан ойықтар пайда болыпты. Аталған кемшіліктер сот талқылануда екен. Өткен жылы осындай олқылықтар үшін коммуналдық қызметтер мен мердігерлерге айыппұл да салынған.

Дәурен Омаров, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы:

- 70-ке жуық бізде құқық бұзушылықтар анықталған болатын. Оның басым көпшілігі коммуналдық қызметтер және азаматтардың жол жабындыларын бұзу деректері болып табылады. Оның ішіне келетін болсақ, 59 сондай дерек анықталған болатын. Оған байланысты 5 млн-ға жуық әкімшілік айыппұл салынған болатын.

Жұмыртқадан жүн қырыққан мердігерлер құрамы күдікті битумды пайдаланады. «Ал минералды ұнтақты мүлдем қоспайды», - дейді мамандар. Өткен жылы осындай жергілікті және облыстық маңызы бар автожолдарда 400-дей тексеріс жүргізілген.

Серік Қолжанов, лаборант:

- Жергілікті маңызы бар автожолдардың және қала көше желісінде 249 нысан тексерілді. Осыавтомобиль жолдарының 974 дана жол құрылыс материалдарын алып, оларға сынама жасалынды. 85 данасы нормативке байланысты сәйкес келмейді. Және автомобиль жолдарының ақауына 30 ескерту берілді. Оның 21-і жойылды.

Тараздықтар «Ауыл-береке» базарының жолын да жиі сынға алады.

Көше тұйықтарының жағдайына да тұрғындардың көңілі толмай отыр. «Ондаған көше батпаққа батып барады», - дейді олар. 

Блиц 1:

- Жолдың жағдайын көріп тұрсыздар ғой. Бұл қала орталығы болып саналады. 15-ші шағын ауданда тіпті көлікпен жүру мүмкін емес. 1,5 шақырымдай ой-шұқыр, бірақ ешқандай шара қолға алынып жатқан жоқ.

Блиц 2:

- Бізде барлық жерде жол мәселесі өзекті. Кедір-бұдыр, жыртық-жамаумен жүріп, әбден мезі болдық.

Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы тозығы жеткен жолдарды жөндеуге бюджеттен өтінім берілгенін хабарлады. Оны бекіткеннен кейін қандай көшелер жөнделетіні белгілі болады.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Анастасия Сулейманова, Бакытжан Бапаев, Руслан Ахатілла