Шымкентте биыл Наурыз мейрамында бұқаралық іс-шаралар өткізілмейді

Шымкентте биыл Наурыз мейрамы жылдағыдай кең көлемде тойланбайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі, пандемия мүмкіндік бермей тұр. Шаһар «жасыл аймақта» болғанымен, көпшілік жиындарын өткізуге ел бойынша тыйым салынған. Сондықтан ашық аспан астында өтеді деп жоспарланған бұқаралық іс-шаралардың барлығы қазір ғимараттарға көшіріліп жатыр. «Дегенмен, халық қызықтан құр қалмайды», - дейді қала әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан.

Жергілікті билік өкілдері Наурыз мейрамының пандемия кезіндегі ерекшеліктерін түсіндіру үшін бүгін журналистерге арнайы брифинг ұйымдастырды. Жалпы шаһарда 100-ден астам іс-шара өткізу жоспарланған. Оның жартысына жуығы осы аптада сәтті өтті. Қалғандары да енді санитарлық талаптарды сақтай отырып, шағын құрамда өткізіледі.

Шыңғыс Мұқан, қала әкімінің орынбасары:

- Қазір Шымкентте Наурыз аталып өтіп жатыр. Бірақ 21, 22, 23-інде осы нағыз Наурыз мерекесінің тұсында халықтың ойындағыдай Наурыз аталып өтпейді. Ол не деген сөз? Ол дегеніміз, жалпы халықтың көшеге шығып қыдыруы, киіз үй аралап, кәдімгі жылдағыдай дәстүрлі ондай болмайды.

Бірақ бұл халық бар қызықтан құр қалады деген сөз емес. Мерекелік шаралардың кейбірін көпшілік онлайн тамашалауға мүмкіндік алса, қызықты концерттер мен театрландырылған қойылымдардың көбі жергілікті телеарналардан көрсетіледі. Ұйымдастырушылар сақтық мақсатындағы мұндай өзгерістерге шымкенттіктердің түсіністік танытуын өтінді.

Ханзада Есенова, қалалық мәдениет басқармасының басшысы:

- Бүгіннен бастап санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға қарап, біз шаралардың барлығын тікелей осындай телевизиялық форматқа өткізіп, осындай керемет концерттерді қойып, сол тв-форматқа қойып. Өзіңіз де білесіздер, бізде Жаңа жылда «Ұлы дала Жаңа жылы» осындай форматта өткен. Осындай форматты Наурыз айында да өткізейін деп жоспарлап отырмыз.

«Ал, «Наурыз Шымкенттен басталады» деп айдар тағылған мегажоба алдағы жылдары да жалғасын табады», - дейді, жауаптылар. Қазіргі міндет – індетті өршітіп алмай, мерекені мәнді өткізу.

Авторлары: №Дамир Берікұлы, Катерина Попкова