Өскеменде 254 әке бір жасқа дейінгі бала күтіміне алған жәрдемақыны қайтаруы тиіс

Бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты алған жәрдемақыны қайтарыңдар. Өскеменде 250-ден астам ер адамға осындай хат келген, деп хабарлайды «Хабар 24».  

«Өйткені олар осыдан 3 жыл бұрын аталған жәрдемақыны заңсыз алған», - дейді мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының өкілдері.

Осылайша, енді «әкелерден» қомақты соманы қайтару талап етіліп отыр. Егер олар бұдан мүлдем бас тартса, ісі сотқа дейін баруы ықтимал. Осылайша, аяқ астынан берешек болып шыға келген отағасылар енді не істерін білмей дал.

3 жыл бұрын алған жәрдемақы үшін берешек болып қалғандардың бірі – Мұхаметқалиевтар отбасы. 2018 жылы дүниеге келген Вилинаның бір жасқа дейінгі күтіміне байланысты жәрдемақы оның әкесіне рәсімделіпті. Өйткені осы шаруамен халыққа қызмет көрсету орталығына барған азаматқа ондағы мамандар осындай кеңес берген. Ресми мекеме өкілдері айтып тұрған соң ойында түк жоқ отағасы оған келісе кеткен. Енді мінекейғ сол ақшаны, яғни 1 миллион теңгеден астам қаражатты қайтарыңдар деген талап хат алып отыр.

Рауия Мұхаметқалиева, қала тұрғыны:

- Біз бұл талаптың себебін сұрасақ, айтатындары тек бір ғана сөз. Жәрдемақыны заңсыз алғансыздар дейді. Ал жәрдемақыны заңсыз алу дегеніміз, ол заңсыз рәсімделді деген сөз емес пе?! Біз сонда барлық тиісті кезеңдерден қалай өткенбіз? Отағасының түгел құжаттары, жеке бас мәліметтері қарастырылып расталды ғой. Қазір міне, барлығымызға қайтсеңдер де қайтарыңдар деп жатыр, тіпті бас тартқандардың жұмысына барып,басшылығы арқылы қысым көрсеткен жағдайлар бар.

Осылайша, Өскеменде 254 баланың әкесі мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына қарыз болып қалды. Алмаз Орал да аяқ астынан талап хатты көріп, таң қалғандардың бірі.

Алексей Афанасенко да 3 жыл бұрын жәрдемақыны өз атына жазғызыпты. «Бастапқыда солай істеуге болар ма екен деп күмандағаным рас», - дейді ол.

Алексей Афанасенко, қала тұрғыны:

- Халыққа қызмет көрсету орталығындағы мамандар бұл күмәнімді сейілтті. Олардан бір емес бірнеше қайтара сұрадым, анықтадым. Өйткені мен бәрібір де жұмыс істейтінімді білдім ғой. Жәрдемақы алам деп, үйде отырмасым анық еді. «Жоқ, ешқандай мәселе болмайды, барлығы солай істеп жатыр ғой» деген жауап алдым.

Әлеуметтік сақтандыру қорының өз уәжі өзінде. Айтуларынша, 2018 жылға дейін жәрдемақы тағайындалған адам жұмыс істеп жүр ме, жоқ па ондай мәлімет жинақталмаған. Ал кейін бәрі өзгеріп шыға келген. Сөйтіп, сол жылы туған балалар өз құқықтарынан айырылуға шақ тұр.

Нұрлан Қыстаубаев, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ ШҚО филиалының директоры:

- Әлеуметтік төлем аты ол бала бір жасқа толғанға дейін табысынан айырылған жағдайға байлаенысты төленетін әлеуметтік төлем. Бұл төлем біздің жүйеге қатысушы бала күтімімен айналысатын азаматқа ғана тағайындалады. Егер ол өз табысынан айырылмай, ары қарай төлемді алып отырса, ол заңсыз деп табылады. Анасы әкесіне жол беру арқылы өз құқығынан заңды құқығынан айырылды.

Бір қызығы, «ол қаражатты қайтарыңдар деген талап нақты қойылғанмен, сол жылы туған баланың жәрдемақысын кім өтейді» деген сұраққа ешқандай жауап жоқ. Әзірге мемлекеттік сақтандыру қорынан келген хат бойынша 11 адам берешегін толық қайтарды. Аяқ астынан борышкер болған отбасылардың көпшілігі «сотқа дейін жүгінеміз» деп отыр.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов