Үш облыста «Бекіре-2021» республикалық акциясы басталды

Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында «Бекіре-2021» республикалық акциясы басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрған бекіре тұқымдас балықтарды қорғау акциясы 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында өтеді. Сондай-ақ көктемгі балық аулау маусымы да басталып, балықшылар қызу жұмысқа кірісті. Бір айта кетерлігі, өңірлерде браконьерлермен күрес мәселесі де әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ.

Мұнайлы өңірде көктемгі балық аулау маусымы басталғалы балықшылардың жұмысы күшейді. Су кешіп, ау тартқандар биыл мол олжаға кенелмек. Десе де, заңсыз балық аулаушылар азаяр емес.

2020-2021 жылға бөлінген балық аулау лимиті 9 мың тоннаны құрап отыр. Ал, былтырғы күзгі маусымда оның 25%-і өндіріліпті. Биылғы көктемде қалған 75%-ін игеру жоспарланған.

Нұрлыбек Гайсин, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау аумақтық инспекция басшысының м.а.:

- Атырау облысы бойынша 18 балық аулау мекемелері бар. Сол 18 балық аулау мекемелері бүгінгі таңда тиісті құжаттарын алып, теңізге бастап шығып жатыр. Бүгінгі таңда балық аулап шығып жатыр. Қалған орындалмаған лимитін көктемгі 25 мамырға дейін орындап болуымыз керек.

Биыл балықшылар үшін жағымды жаңалық та жоқ емес. Себебі, бұған дейін өңірдегі өндірістік кооперативтер ауланатын балық үшін ақша төлейтін еді. Ал, енді бұл тәртіпке өзгеріс енгізілген. Бұдан бұлай балықшылар тек су маржандарын аулағаннан кейін ғана тиісті қаражатты аударады.

Нариман Жүнісов, Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы:

- Балық шаруашылығының дамуы үшін мемлекет тарапынан да көптеген қолдау көрсетіліп жатыр. Бұған дейін балық аулауға рұқсат алу үшін балық аулайтын мекемелер алдын ала ақшасын төлеп қоятын. Биылдан бастап Салық кодексіне өзгерістер енгізілді. Енді балықшалыр әр 3 ай сайын ауланған балығына ғана ақша төлейді.

Елдегі төтенше жағдай Маңғыстау облысындағы браконьерлерге де әсер еткен. Мәселен, 2019 жылы 200-ден аса заңбұзушылық орын алса, былтыр 71 дерек тіркелген. Дегенмен, инспекция өкілдері бақылауды әлі де күшейту қажеттігін айтады. Мамырдың 31-іне дейін мобильдік топтар Каспий теңізінде жиі рейд өткізетін болады.

Арман Молдашев, «Жайық-Каспий» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары:

- Маңғыстау облысынан балық қорғау басқармасынан 15 қызметкер бар. 5 автокөлік және 2 жылдам жүретін 200 аттық күші бар қайықтар болады. Сонымен қатар ҰҚК шекара қызметі қатысады. Оларда шамамен 300 адамдай, 16 кемелері, 6 қайықтары мен 20 көліктері бар. Сондай-ақ Маңғыстау облыстық полиция департаментінің қызметкерлері болады. Оларда 20 автокөлік, 3 стационарлық пост болады. Және 95 полиция қызметкері осы акцияға жұмылдыралады.

Былтырғы «Бекіре-2020» акциясының қорытындысы бойынша Атырау облысында 759 тәртіп бұзушылық тіркеліп, 33 қылмыстық іс қозғалды. Заңды белшеден басқандарға 13 миллионнан астам теңгеге әкімшілік айыппұл салыныпты. Ал, заңсыз айналымнан 14 тоннаға жуық балық алынған.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев