СҚО-да қызға шабуылдаған 49 жастағы күдікті ұсталды

СҚО полицейлері қызға шабуыл жасаған 49 жастағы күдіктіні ұстады, деп хабарлады Polisia.kz.

Петропавл қаласы Полиция басқармасы Жамбыл көшесі бойындағы үйдің кіреберісінде 19 жастағы қызға шабуыл жасады деген күдікпен іздестірілген 49 жастағы ер адамды қалай ұстағандарын толық айтып берді.

Аталған факті бойынша арыз полицияға 5 сәуір күні түскен. Белгісіз қылмыскерді іздестіруге қалалық және облыстық полицияның барлық жеке құрамы жұмылдырылды. 

Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде шабуыл жасаған күдікті ізін суытпай анықталып, Порфирьев көшесінде қолға түсті. Ер адам Полиция басқармасына жеткізілді. Ол бұрын бірнеше рет сотты болған облыс орталығының 1972 жылғы тұрғыны болып шықты. Ол үйдің кіреберісінде қызға шабуыл жасағанын және пышақпен қорқытқанын мойындады. Алайда бойжеткен белсенді түрде қарсылық көрсеткен, шуды естіген көрші әйел пәтерінен шыққан кезде ер адам қашып кеткен.

Басталған сотқа дейінгі тергеу шеңберінде ұсталған күдікті ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабы тәртібінде уақытша қамауда ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта мән-жайды толық және жан-жақты зерттеуге бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде, оның нәтижесі бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданатын болады.