БҚО-дағы Ақсай қаласында екі мектепті жаңғырту жобасы тоқтап тұр

Құрылыс былтыр мамыр айында басталған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ биыл тиісті жұмыстар мүлде жүргізілмеген. Балалар бөбекжайлар мен колледж ғимараттарында оқуға мәжбүр.

Ақсай қаласындағы №3 мектеп ғимаратының салынғанына 30 жылдан асқан. Осы аралықта нысан жібі түзу жөндеу көрмеген. Есік-терезелері мен инженерлік желілері әбден тозған. Соның салдарынан қыста ғимарат іші суық болады дейді педагогтар. Былтыр мамыр айында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында мектепті жөндеу жұмыстары қолға алынды. Жылдың аяғына дейін құрылыстың 80 проценті орындалған.

Амангелді Тибелов, мердігер компания өкілі:

– Жобаның құны – 486 млн теңге. Қазіргі таңда бізде 60 пайызға игерілді. Қазір сыртқы жұмыстар жүргізілді. Ішкі жұмыстардан 2-3 қабаттың барлық кабинеттері бітіп тұр. Енді қалған жұмыстарымыз – спортзал, актзал және асхана қалды.

Жобаға қажетті қаражаттың екінші жартысы бюджеттен әлі күнге бөлінбеген. Соның салдарынан құрылыс сағызша созылып кетті. Ал балалар 4 жерге бөлініп оқып жүр.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

– Біз дәл қазір қаладағы бөбекжайлардың біріндеміз. Мұнда қазір сәбилер ғана емес, оқушылар да келіп жатыр. Өйткені күрделі жөндеуге байланысты олар осында оқуға мәжбүр.

Ғұмар Әжіғалиев, Ақсай қалалық №3 мектебінің директоры:

– 1-4 сыныптар айналамыздағы 2 балабақшада оқиды. 5-сынып өнер мектебінде және 9-11-сынып ауданымыздағы колледжде оқып жатыр. Қалған 6-7-8 және 10-сыныптар қашықтықтан оқып жатыр.

Қаладағы №4 мектеп те дәл осындай күйде. Жартылай ғана жөнделген ғимарат бюджет қаражатын күтіп тұр. Ал оқушылар әр жерде сандалып жүр.

Ерболат Кенжеғарин, Ақсай қалалық №4 мектебінің директоры:

– Мектептің төбесінен су кетіп тұрды. Кәріз, жылыту желілері тозып тұрды. Істен шыға бастады. Күрделі жөндеу 2020 жылдың 19 мамырында басталды. Күрделі жөндеуге 572 млн теңге қаражат бөлінді (қарастырылды), соның 2020 жылы 390 млн игерілді. Қалған 190 млн-нан астамы 2021 жылға қалып тұр.

Екі жобаға да бір мердігер жауапты. Құрылысқа 9 ай уақыт берілген. Мерзімнің аяқталуына небәрі бір жарым айдай қалды. Ал жергілікті билік әзірге асығатын емес.

Лаура Маметанова, Бөрлі аудандық білім бөлімінің бас маманы:

– Бұл жобаның қаржыландырылуы ағымдағы жылы 19 наурызда облыстық мәслихат сессиясында қаралып, қазіргі таңда әділет басқармасында 6 сәуірге дейін тіркеуде болды. Жоспар бойынша 2021 жылдың сәуір айында мердігермен арадағы келісімшартқа қол қойылып, жұмыстар жалғасатын болады.

Қос білім ордасында 3 мыңға жуық бала оқиды. Тұтас оқу жылының бөбекжайлар мен колледж ғимараттарында өтуі білім сапасына кері әсерін тигізе ме деп алаңдайды ата-аналар. Мердігер компания басшылығы тиісті қаражат бөлінсе, жобада бекітілген мерзімде құрылысты аяқтап береміз деп отыр.

Еркебұлан Смадияров, Руслан Ғазезов, Қанат Махмұтов