Жамбыл облысында егін егу кеш басталды

Жамбыл облысының шаруалары пандемияға қарамастан өткен жылы егін себу науқанын ойдағыдай атқарды.

Алайда биыл 20 күнге кешеуілдеу бар. Бірақ оның карантинге еш қатысы жоқ.

Айтуларынша, күн жаңбырлы болған соң биыл көктемгі дала жұмыстары 3 аптаға кеш басталған. Мәселен, былтыр осы уақытта егістік алқаптарының барлығына дерлік дән егілсе, қазір тұқым себу көрсеткіші 75 процентке жеткен. Сәуір айының соңына дейін толық бітеміз. Мамандар осылай дейді.

Айта кетейік, биыл пияз бен картоп жылдағыдан 500 гектарға артық себілді. Өйткені сұраныс жоғары. Ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері шаруаларға арзандатылған жанармай бөлінгенін айтады. Алайда химиялық тыңайтқышқа қол жеткізу мәселесі әлі де күрделі боп тұр.

Ерлан Күлкеев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Бұл мәселе «Кең дала» бағдарламасын аграрлық несие корпорациясы арқылы қаржыландыру есебінен шешіледі. Биыл 400 млн теңге қаражат бөлініп, ол аудан, ауылдардағы шаруаларға несие ретінде үлестірілді. Ескі техника мәселесі де бар. Оны шешуге көмектесетін түрлі мемлекеттік бағдарламалар көп. Мәселен, бізде өткен жылы трактор, комбайндарымыздың 10 проценті жаңарды.