Ертіс өңірінде шыбын-шіркейге дезинсекция жасау жұмыстары басталды

Қазіргі уақытта қансорғыш жәндіктер көп шоғырлануы мүмкін аумақтарда мониторинг жүргізілді.

Мамандардың айтуынша, Ертіс өзенінің жайылымында улау жұмыстарын бастау әлі ерте. Себебі өзен суы жылына қойған жоқ.

Айта кетейік, дизенсекциялық жұмыстар өзен суы +12 градусқа жылынғанда басталуы мүмкін. Еске салсақ, қансорғыш жәндіктерді улау бойынша мемлекеттік байқау жарияланды. Үш жылдық жобаға 1,5 млрд. теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта конкурстық процедуралар аяқталуға жақын. Жалпы, осы көктемде жәндіктерді улау үшін химиялық препараттардың 2300 литрі мен 70 мың келісі дайындалды.

Дәулет Ибраев, ғылыми топ жетекшісі:

– Әзірге судан шіркейдің дернәсілдерін таппадық. Әдетте жәндіктер Бұқтырма қоймасынан су босатылғанда дамиды. Сол сәтті өткізіп алмауымыз керек. Дезинсекциялық шаралар сол мезетте басталады. Ертістің негізгі арнасындағы улауға биологиялық препараттар қолданылады.

Мақпал Лепесова, облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта басқармасының бөлім басшысы:

– Ғылыми қолдау бойынша мердігер ұйым анықталды. Үшжылдық келісімшарт жасалды. Оның жалпы сомасы 22 млн. теңгені құрайды. Қазіргі уақытта әуе арқылы алқаптар мен өзен жайылымдарын да бақылау басталды.