«Обаған» шекара бөлімшесінің сарбаздары әскери борышын мұқият орындап жүр

Ресейдің Қорған облысымен шекарадағы «Обаған» шекара бөлімшесінің сарбаздары әскери борышын мұқият орындап жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жарғақ құлағы жастыққа тимей, күндіз-түні қорған болған жауынгерлер былтыр мемлекеттік шекара тәртібін бұзған үш адамды ұстап, ондаған конрабандалық қылмыстың жолын кесті.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- Шекарашы Айбек Сүлейменовтің күнделікті жұмысы таңғы 09:00-де басталады. Әзірге үй жинап, таңғы ас ішіп алуға уақыт бар. Бүгін ол бөлімше кезекшісі. Ефрейтор деген атағы бар. Оның «Обаған» шекара бөлімшесінде ел іргесін қорғап жүргеніне биыл екі жыл болды.

Айбек Сүлейменов, «Обаған» шекара бөлімшесінің қызметкері:

- Мен қазір бөлімшеде кезекшімін. Ал келесі күні мені ол қызметке қоймайды. Шекараға қояды. Әртүрлі болу үшін. Шекараға жалғыз бармаймыз. Міндетті түрде екі не одан көп адамнан тағайындайды. Үшінші күні мұнараға қоюы мүмкін. Әрқайсымызды күнде-күнде ауыстырып тұрады.

Шекара бөлімшесінің барлық құрамы осы арнайы әскери қалашықта тұрады. Көбісі еліміздің түкпір-түкпірінен келгендер. Жатақханаларда 16 пәтер бар. Ал Айбек жұмысқа кірісе сала темір бақылау мұнарасымен байланысқа шығады. Жағдайды тексеріп, бәрін журналға тіркеп алады.

Мемлекеттік шекараны күзетуде темір бақылау мұнарасының маңызы зор. Мұнда екі жауынгер таңның атысы, кештің батысы қырағы отырады. Ел бекінісіндегі қандай да бір өзгерістер мен қалт қимылдарды бірінші болып байқайтын солар.

Сұлтан Какаляев, «Обаған» шекара бөлімшесінің қызметкері:

- Өзіңе қарсы шыққанда шекарашының «Тоқта!» деген талаптарын тыңдамағанда және шекарашының өміріне төнген кезде ғана ең шектік шара ретінде оқ атуға мәжбүр боламыз. Көбінесе қаруды қолданбай ұстауға тырысамыз.

Шекара бөлімшесінен Қорған облысы жеті шақырымдық қашықтықта жатыр. «Қазір әлемді жайлаған коронавирус пандемиясының кесірінен ел іргесін бұрынғыдан ерекше жағдайда қорғауға тура келеді», - дейді шекарашылар. Одан қалды ұсақ-түйек қылмыстар да тіркеліп жатады.

Құрмет Бейсенов, «Обаған» шекара бөлімшесінің бастығы:

- 2020 жылы мемлекеттік шекараны бұзуға ниеті болған 3 адамды ұстадық. Биыл 2021 жылы бойынша ҚР бойынша іздеуде болған азаматты қаңтар айында ұстағанбыз.

Шекарашының сенімді серігі – қызметтік иттер. Ранеби атты неміс овчаркасы бірнеше құқықбұзушылықтың жолын кесуге ұстауға көмектескен.

Ернар Едіресов, «Обаған» шекаралық бақылау бөлімі бастығының орынбасары:

- Арнайы колбаға есірткі затына ұқсатқыш затын салып, қызметтік иттің іздеу қабілеттерін тексереміз. Оны қазір сіз көре жатарсыз. Арнайы қызметтік ит Ранеби келіп осы ұқсатқыш затты тауып алады. Әр иттің жұмыс істеу қызметтік уақыты 10 жылға дейін барады.

Өткізу бақылау пунктінде әр ақпарат қатаң құпияда сақталады. Тек карантинге байланысты шекараны кесіп өтетіндер саны 70%-ке қысқарған.

Қуаныш Кокенов, «Обаған» шекаралық бақылау бөлімінің бастығы:

- Болашақта мемлекеттік шекара өтетін тұлғалардың қол жүктерін тексеретін рентген-телевизиялық аппарат орнатылады. Ол өте көп көмек жасайды. Қолжүктердің тексеру уақытын азайтады. Көп контрабандылық тығылған заттарды анықтауға көп көмек береді.

Шекара қызметі жылдамдық пен үлкен жанкештілікті талап етеді. Сарбаздар «мұнда босаңсуға уақыт жоқ», дейді. Себебі әрбір секундтың санаулы екенін мұндағылар саналарына мықтап сіңірген.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров