Жуалының жолдары қашан жөнделеді?

Жамбыл облысы Жуалы ауданында тоз-тозы шыққан жолдардың жөнделетін түрі жоқ.

Әсіресе, ауылішілік көшелер шұрық-тесік. Қазір елді мекендердегі жолдардың тең жартысы жарамсыз күйде. Ал аудан орталығының жайы тіптен жаман. Жұрт жергілікті әкімдіктің жыл сайынғы жұмысын көзбояушылық деп санайды. 

БЛИЦ:

– Жолды жөндеу керек. Быт-шыты шыққан жолдың.

– Көп жерлерде осындай жол. Тесілген. Ескірген жерлер бар.

Міне, бұл жуалылықтардың жолға қатысты пікірі. Жүргізушілер түсірілім тобын көрген бойда тоқтай қалып шағымдарын жаудыра жөнелді. Олар ат үсті істелетін жөндеу жұмыстарына наразы. Өйткені жолдың беті жылда жамалады. Сапасыз тегістелген шұңқырлар бір жауыннан соң қаз-қалпына түседі дейді.

Жұматай Ерниязова, Б.Момышұлы ауылының тұрғыны:

– Жылда жөндеу жасайды. Жылда осындай. Барлық жерді су басып кетеді. Жоқ адамдар көп жүреді. Ана жақта көшелер бар. Халық тұрады. Маршрут жүрмейді. Жаяу барып, жаяу қайтатын болған соң осы жолмен өтеді. Арғы жаққа өтіңіз, мүмкін емес жүруге. Жаңбыр жауса су толып кетеді. Жоғарыдағы басшылар қайда қарап отырғанын.

Бақтияр Юлдашев, Б.Момышұлы ауылының тұрғыны:

– Жолдың мәселесін көріп тұрсың ғой, міне, ойлы-қырлы болып жатыр. Жөндейді. Келесі жылы тағы қайтадан сондай болады. Жылда Үкіметтен ақша бөлінеді. Жылда істеледі.

Ауданда ауылішілік жолдардың тек 51 проценті ғана қанағаттанарлық. Оның өзі билік қана түсінетін шкалаға шаққанда. Қалған бөлігі жарамсыз. Кейбір көшелерде асфальт мүлдем төселмеген.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

– Бұл жерді жергілікті жұрт «тесік көпір» деп атайды. Оңға қарай жүрсең, аудан орталығына барасың. Түзу жүрсең, Көлбастау ауылына апарады. Ал төмен қарай орталық базар. Ал енді осы аудан орталығындағы халық негізгі ең көп жүретін жолдың сиқы қазір мынадай. Шұрық-тесік. Қырық жамау. Бұл жердегі көрініс жылда осындай.

Тұрғындардың шағымын тыңдап, сан алуан сауалды жеткізу үшін әкімдікке бас сұқтық. Аудан басшысы сұрақ қоймай жатып, тағайындалғанына екі ай ғана болғанын айтып, көп нәрседен бейхабар екенін аңғартты. Алайда жауапты бөлім басшысының кадрдан тыс сыбырлауымен бірқатар сұраққа жауап алдық. Әкімнің айтуынша, ауданға қарасты жолдардың 95 проценті қанағаттанарлық жағдайда көрінеді. Алайда мұндай статистика қайдан? Қалай жасалғаны түсініксіз. Тоз-тозы шыққан жолдар керісінше сайрайды. 

Олжас Қаржауов, Жуалы ауданының әкімі:

– 113 шақырымның жалпы жағдайы орташа. Орташадан жоғарысы да бар. Жол асты көпірмен келдіңіз ғой. Сол жақта Рысбек батыр және Ковешников көшесі бұрынғы төбеге барады. Сол екі көше күрделі жөндеуден өтеді.

Аудан әкімі биыл жалпы саны 19 ауыларалық және ауылішілік жолдар жөнделеді деп сендірді. Бұл жұмыстар алдағы 4 айда жүзеге асырылмақ. Алайда бұған жұрт күмәнмен қарайды.

Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә